Алматы тауларында серуендеп жүрген туристер сирек кездесетін қар барысын таспаға түсіріп алды. Жыртқыш саяхатшыларға еріп жүрген жергілікті иттің соңынан қуа шығып, соқпақ жолда кенеттен пайда болған. Кездесу сәті түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
"Ит бір нүктеге қадалып қалған": Алматы тауларында туристердің алдынан қар барысы шыққан
Фото: видеодан скриншот
Туристердің айтуынша, серуен кезінде оларға жергілікті ит қосылған. Ол біраз уақыт бойы топтың алдында жүгіріп, адамдарды күтіп алып, қайтадан соқпақ бойымен ілгері кетіп отырған.
Демалыс орындарының бірінде ит озып кеткен. Көп ұзамай туристер оның тоқтаусыз әрі мазасыз үрген дауысын естіген.
"Жақындап келсек – иттің жүні тікірейіп, бір нүктеге қадалып қалыпты. Ал алдымызда ештеңе көрінбейді: күн көзді қарықтырып тұр, айнала бұта мен шырша. Осы сәтте ит орнынан атып тұрды. Бірнеше секундтан кейін ол кері қарай зулады, ал артынан БАРЫС жүгіріп келеді! Бір сәтке уақыт тоқтап қалғандай болды. Таңғы күн сәулесіне шомылып, шаң арасынан көрінген БАРЫС бейне бір фильмдегі кадр секілді нақты еместей көрінді", – деп жазды Алматы тұрғыны.
Ит үшін қорыққан туристер айғайлай бастаған. Алайда барыс оларға жақындамай, көп ұзамай шыршалардың арасына кіріп, көзден таса болған.
Кейінірек оны соқпақтың жоғарғы жағынан қайта көрген. Туристер жыртқыш өзі қорғап тұрған олжасының маңында жүруі мүмкін деп болжады.
Қар барысымен кездесу сәті видеоға түсіп қалған.