Кеңес кезіндегі және қазіргі армия: Қаруың қандай, қазақ әскері?

Суреттер Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен алынды

СҰХБАТТАР
928

Кеңес үкіметі кезеңінде әскери қызмет – жас ұрпақ үшін тек азаматтық борыш қана емес, ерлік пен батылдықтың мектебі, өмірлік тәрбие алаңы болды. Әскер қатарына алыну – әрбір жас жігіт үшін абырой, ер жетудің бір белгісі іспеттес еді. Кеңес армиясының басты мақсаты – социалистік Одақтың шекарасын қорғау, оның мүддесін бүкіл әлемге көрсету болды. Бұл миссияны орындауда идеология мен тәртіп бірінші орында тұрды.

Әскерге қабылдау 18 жасқа толған әрбір жасөспірім үшін міндет болды. Жүйе қатаң, тәртіп темірдей болған. Қызмет ету мерзімі 2 жыл, ал кейбір әскери құрылымдарда одан да ұзақ болатын. Армия құрылымы тікелей Мәскеуден басқарылып, республикалық деңгейдегі бастамалар тек жоғарғы органның шешімімен жүзеге асатын.

Ол заманда жауынгерлер коммунистік идеологиямен қаруланған, саяси дайындықтан өткен сарбаздар болатын. Армияда «КПСС – біздің ақылшымыз», «Социализмді қорғау – қасиетті парыз» деген ұрандар ілулі тұрды. Бұл – әскери өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Жауынгерлік рухты қалыптастыруда тек дене даярлығы ғана емес, сананы қалыптастыру – басты құрал болды.

Кеңестік кезеңде әскери құрылымда түрлі бөлімдер болды: құрлықтағы күштер, әуе-десанттық бөлімшелер, теңіз флоттары мен ішкі әскерлер. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Ішкі әскері бүгінде Ұлттық ұлан деп аталады. Бұл өзгеріс 2014 жылы болды. Бұл жайында сәл кейінірек баяндаймыз, қазір бұрынғы мен бүгінгі салыстырып көрелік.

Сол дәуірдің сарбаздарының бірі – Тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен ардагер запастағы подполковник Нұржан Байбосынов. Ол сол уақыттағы әскери өмір ыстық-суығына көніп, нағыз офицерге тән қызмет атқарған.

– Біз 1991 жылы шекарадағы шиеленісті аймақта болдық. Бұл – КСРО-ның ыдырау кезеңі еді. Ауғанстаннан келген содырлармен шекаралық қақтығыстар жиі болатын. Біз күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп отырдық. Қолымызда АК-74, АК-74Н, НСПУ, АК-74С, РПК-74, СВД, ПК, АГС-17, РПГ-7В, ГП-25, ал кей жағдайда ЗУ-23, СПГ-9 секілді ауыр қарулар да болды. Бұл қарулармен тек атыс жүргізіп қана қоймай, позицияны ұстап қалу, дұшпан әрекетін алдын ала болжау – бізге артылған басты міндет еді, - деді Нұржан Байбосынов.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1992 жылы өз Қарулы Күштерін құрды. Бұрынғы кеңестік жүйеден қалған құрылымдарды өзгерту, жаңадан ұлттық армия қалыптастыру – ел тарихындағы маңызды әрі күрделі кезең болды.

Бүгінде қазіргі Қазақстан армиясы – толыққанды, кәсіби құрылым. Ол тек шекара күзетумен ғана емес, бейбіт замандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апат кезінде көмек көрсету, халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысу сияқты түрлі қызметтерді атқарады.

Армия құрылымының ішіндегі ең серпінді дамып келе жатқан салалардың бірі – Ұлттық ұлан. Бұл күштік құрылым – ішкі тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оның сарбаздары түрлі оқиғаларға шұғыл әрекет етеді, терроризм мен қылмыстың алдын алуға қатысады.

Кеңес армиясының құрылымы орталықтандырылған, жоғарыдан төмен қарай қатаң бұйрық жүйесімен басқарылатын. Әр әскери бөлім саяси жетекшінің бақылауында болды. Сол кездері әскери өмір – азаматтық өмірден толықтай оқшауланған жүйе болатын.

Қазіргі Қазақстан армиясынада кәсіби сарбаздарға сұраныс артып отыр. Жастар келісімшарт негізінде қызмет атқарады. Бұл – әскери қызметтің кәсібиленуінің дәлелі. Әскери білім беру, тактикалық дайындық, технологиялық жарақтану – бәрі заман талабына сай жетілдірілуде.  Мәселен, Ұлттық ұланда жедел әрекет ету, арнайы мақсаттағы бөлімдер, күзет және күзетілетін объектілерді қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау бағыттары бар.

Кеңес армиясында қолданылған қарулар – ұзақ жылдар бойы сенімді қызмет еткен әскери техникалар. Ардагер Нұржан Байбосынов айтқандай, сол кезде АК-74, РПК-74, СВД, ПК, РПГ-7В сынды қарулар ең жиі қолданылды. Бұл қарулар – қарапайымдылығымен және сенімділігімен ерекшеленді. Ауыр қару ретінде ЗУ-23 пен СПГ-9 секілді зеңбіректер пайдаланылды. Байланыс құралдары, бақылау құрылғылары, бронетехника – барлығы кеңес өндірушілерінен келетін.

Қазіргі армияда жағдай мүлде өзгерген. Заманауи Қазақстан армиясы мен Ұлттық ұлан көптеген жаңа технологиялармен жабдықталған. Бұл туралы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық Бас басқармасының артиллерия қызметінің бастығы полковник Александр Воробьев былай дейді:

– Қазіргі таңда біздің қолымызда жоғары дәлдіктегі қару түрлері бар. Жауынгерлер оптикалық және жылу визирлермен жабдықталған мылтықтармен, дрондарға қарсы жүйелермен, жаңа буындағы броньды техникамен, цифрлық басқару пульттерімен және бейнебақылау кешендерімен қамтамасыз етілген. Бұл – бұрынғы әскери жүйемен салыстырғанда үлкен серпіліс. Ұлттық ұланның жедел топтары GPS жүйесімен, цифрлық карта навигациясымен, радиобайланыстың жаңа жүйелерімен жарақтандырылған. Бірақ, тағы бір айта кететін жайт. Қазіргі әскерде Кеңес кезеңінде қолданылған қару-жарақ түрлері әлі де бар.

Бұрынғы әскери қару-жарақ түрлерінің барлығы дерлік бүгінгі әскердің қолданысында бар. Өйткені, бұл қарулар сандаған жылдар сұрапыл соғыс кезінде сынақтан өткен. Өзінің қарапайым және қолдануға ыңғайлы екенін де байқатқан. Сондықтан олар жыл өткен сайын модернизацияланып, жаңа мүмкіндіктерді бойына дарытуда. Бірақ, әскери техникалар паркінің кейінгі жылдары барынша жаңарып жатқанына куі болдық. Мысалы, биыл Астана қаласында өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта Ұлттық ұлан әскері қолданатын заманауи бронды техниканың 17 бірлігі, оның ішінде «Барыс» 6×6, «Алан-2», сондай-ақ «Cobra II» қатысады. Бұдан бөлек 17 адамға дейінгі жеке құрамды тасымалдауға қауқары бар  «Урал ВВ» машинасы ұсынылады. Мұның бәрі жауынгерлік қызмет атқару барысында пайдаланылып келеді.

Кеңес армиясында патриотизм интернационализммен тығыз байланыста болды. Жауынгерлер өздерін КСРО халқының өкілі ретінде сезінді. Одаққа деген адалдық – ең басты құндылық болатын. Бірақ бұл жүйеде ұлттық болмыс, тіл, дәстүр ескеріле бермейтін.

Ал қазіргі Қазақстан армиясында патриотизм – ұлттық сана мен тарихи мұраға негізделген. Қазақ тілінің әскери салада қолданысы артып келеді. Сарбаздарға ұлттық құндылықтарды таныту, отаншылдық рухты күшейту тәрбие жүйесінің маңызды бағыты ретінде алдыңғы орынға қойылған. Бұл қазақ әскерінің келешегіне деген үмітімізді арттыра түседі.

 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

 

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова желіге видео жүктеймін деп елдің сынына қалды, деп хабарлады  MADEN...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Еріктілер ауыр жағдайда жатқан тыл ардагерінің өмірін өзгертуге атсалысты, деп хабарлады madeni...