Кездесуге кешіккені үшін ұрған»: Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы жансақтау бөліміне түсті

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
43

Жамбыл облысында 14 жастағы Асылбек Рахманқұлов қатарластарымен болған жанжалдан кейін жансақтау бөліміне түсті. Үш аптадан астам уақыт бойы ес-түссіз жатқан жасөспірімнің туыстары тергеудің әділ жүргізілуін және кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Оқиға 31 қазанда Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Зардап шеккен баланың анасы Бағила Қонақбаеваның айтуынша, сол күні кешкі уақытта белгісіз нөмірден бірнеше рет қоңырау түскен. Әйел телефон тұтқасын көтергенде жан түршігерлік хабар естіген.

«Асылбек өліп қалды деді. Сол жерде талып қалыппын. Қыздарым телефонды алып, не болғанын сұрағанда, Асылбектің есінен танып қалғанын айтып, тезірек Асаның ауруханасына келуімізді сұраған», – дейді жасөспірімнің анасы.

Асылбек ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Кейін жансақтау бөліміне жатқызылған.

Туыстарының айтуынша, жасөспірім алғашқы он күн бойы терең комада жатқан. Кейін көзін аша бастағанымен, әлі күнге дейін айналасында болып жатқан жағдайға ешқандай реакция білдірмейді.

Отбасының мәліметінше, Асылбекті жоғары сынып оқушылары бейресми кездесуге кешіккені үшін соққыға жыққан. Баланың жақындары тергеу барысына көңілі толмайтынын айтып, оқиғаға қатысы бар барлық адамның жауапкершілікке тартылуын талап етуде.

Полиция не дейді?

Жамбыл облысының полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Ведомство мәліметінше, күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жасөспірімдер арасында бопсалау деректері болуы мүмкін екені туралы ақпарат та тексерілуде. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.

Мектеп қызметкерлері жазаланды

Жамбыл облысының білім басқармасы оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Алғашқы тексеріс нәтижесінде мектеп психологы мен құқықтық мәселелерге жауапты директор орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған.

Сондай-ақ әлеуметтік педагогқа, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және екі сынып жетекшісіне сөгіс берілген.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы прокуратурасының ұсынысы негізінде мектеп директорына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның атқаратын лауазымына сәйкестігі қаралуда.

Қазіргі уақытта 14 жастағы Асылбектің жағдайы ауыр күйінде қалып отыр. Туыстары баланың сауығып кетуінен үмітті және істің әділ тергелуін талап етеді.

Оқиғаның нақты мән-жайы мен оған қатысы бар адамдардың жауапкершілік дәрежесі тергеу барысында анықталады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды енді онлайн тапсыруға болады. Әзірге бұл қызмет пило...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұғалімдер енді мәселесін бір қоңыраумен жеткізе алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейм...