Кінәлі жазасыз қала ма?: 13 жастағы бала көкпар ойнап жүріп, көз жұмды

Фото: әлеуметтік желіден

ЖАҢАЛЫҚТАР
88

Ақмола облысында 13 жастағы бала көкпар ойыны кезінде ауыр жарақат алып, көз жұмды. Баланың туыстары оның өліміне қарсылас шабандоздың әрекеті себеп болды деп күдіктеніп отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл оқиға бойынша қылмыстық істі екі айдан кейін құзырлы органдар "жазатайым оқиға" деп жапқан. Отбасы істі қайта қарап, оқиғаның мән-жайын толық тексеруді талап етіп отыр.

Қайғылы жағдай 26 мамыр күні Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылында болған. Бар жайтты марқұмның туысы әлеуметтік желіден баяндады. Оның айтуынша, марқұм Дінмұхаммед “Жанбөбек” командасының құрамында ойнаған. 

“Қайғылы оқиға болған күні “Қаражар” және “Жанбөбек” командалары арасында жаттығу ойыны өткен еді. Ойын барысында інім Дінмұхаммед серкені қарсыласына бермей, көкпар ережесіне сай әрекет еткен. Сол кезде қарсылас команданың Санжар есімді ойыншысы інімнің атына бар жылдамдықпен келіп, бүйірінен соғылған. Бұл соққыдан Дінмұхаммед ат үстінде ауыр жарақат алып, кейін көз жұмды”, – деп жазды ол. 

Десе де марқұмның туысы оқиғаның бұл нұсқасына күмән келтіріп отыр. Оның сөзінше, сараптама қорытындысында балаға “қатты доғал заттардың әсерінен ауыр дене жарақаты” келтірілгені көрсетілген. Онда жарақаттың аттан құлау салдарынан болғаны туралы нақты тұжырым келтірілмеген.

“Бала басынан жарақат алған, омыртқасы зақымдалып, мойны сынған. Аттан құлаған кезде осындай жарақаттар алына ма, деген сұрақ туындайды. Адам құлаған кезде инстинктивті түрде өзін қорғауға, денесін жинауға тырысады. Сондықтан біз оның аттан құлады деген нұсқасына сенбейміз”, – дейді марқұмның жақыны.

Марқұмның туысы оқиға орнында болған куәгерлердің болған жағдайды толық айтып бермегенін жеткізді. Олардың пікірінше, әркім оқиғаның мән-жайын өз мүддесіне қарай түсіндіреді.

“Бастапқыда Ақмола облысының полициясы мен прокуратурасы адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Алайда екі айдан кейін іс жабылды. Ешқандай түсініктемесіз істі жай ғана жауып тастады. Біз әділдік орнағанын қалаймыз және оқиғаның шынайы себебі толық зерттелуін талап етеміз”, – дейді марқұмның туысы. 

Ол көкпар кезінде ереже бұзды деген ойыншының әрекетіне де құқықтық баға берілуі керек деп санайды.

“Ережені бұзған адам ертең басқа баланың өмірін қимайтынына кім кепілдік береді? Ойын кезінде адам өміріне қауіп төндіруге болады деп қай заңда жазылған?”, – деп жазды туысы. 

Қазір марқұмның отбасы істің қайта қаралып, оқиғаның барлық мән-жайына объективті құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.

Stan.kz тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Ведомство бізге істің жабылғанын ғана айтты. 

“Осы дерек бойынша биыл мамыр айында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шеңберінде барлық қажет тергеу әрекеті толық көлемде жүргізілді. 29 шілдеде қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды және аудан прокуратурасымен бекітілді”, – деп жауап берді.  

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алып, кейін көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзу...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жеке куәлікті енді арнайы терминал арқылы алуға болады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 28 тамыздан...