«Өнер білім бар жұрттар,Тастан сарай салғызды.Айшылық алыс жерлерден,Жылдам хабар алғызды&raqu...
Кітапханашы – руханият шамшырағы: Әсем Досмағанбетованың өнегелі жолы
Фото: автордан
Қостанай облысы Жангелдин аудандық кітапханалар жүйесінің ұжымы ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, оқырман мен қоғам арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бұл руханият ордасының тізгінін тәжірибелі басшы, мәдениет пен ағартушылық саласының білікті маманы Әсем Ғарифоллақызы Досмағанбетова ұстап отыр.
Жоғары білімді маманның педагогикалық және әдіскерлік еңбек өтілі
25 жылдан асады. Ол – өз ісіне жан-тәнімен берілген, ұжымды ұйыстыра білетін, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тұлға.
Әсем Ғарифоллақызының еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып келеді. Ол – Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, сондай-ақ Қостанай облысы білім саласы қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ұлт ұстазы – Ы. Алтынсариннің ағартушылық қызметі және қазіргі заманауи білім» атты конференция мен «Нұрхан оқулары» облыстық байқауы сияқты маңызды іс-шаралардың ұйымдастырушысы болды.
Бүгінде Әсем Ғарифоллақызы басқарып отырған Жангелдин аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 17 кітапхана қарайды. Оның ішінде 1 аудандық, 1 балалар және 15 ауылдық кітапхана бар.
2024 жыл ұжым үшін кәсіби серпіліс жылы болды. 14 кітапханашы аттестаттаудан өтіп, өздерінің біліктілік санатын сәтті қорғап шықты. Бұл басшының кадр даярлау ісіне ерекше мән беретінінің айғағы болса керек.
Аудан кітапханаларының оқырман саны 10 мыңнан асады. Ал кітап қоры 200 мыңға жуық, оның 135 500 данасы – қазақ тіліндегі әдебиеттер. Соңғы жылдары Әсем Ғарифоллақызының бастамасымен қазақ тіліндегі әдебиеттер қорын толықтыру ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Батыр қолбасшы Мерген Бабасұлының 333 жылдығы аясында «Мерген» қоғамдық қоры кітапханаға 3020 дана кітап тарту етті. Оның басым бөлігі – жерлесіміз, ақын Ғафу Қайырбековтің туындылары. Сонымен қатар «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» акциясы аясында Збан және Көлқамыс ауылдық кітапханаларына 102 дана кітап табысталды. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында сатып алынған 500-ге жуық жаңа кітаптың 479-ы қазақ тіліндегі шығармалар.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов шығармалары жыл кітабы болып таңдалды. Осыған орай кітапханаларда «Ұлы даланың дара даналары» атты тұрақты көрме ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Оқырман мәдениетін қалыптастыру жолында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айғағы – облыстық «Оқы және жең» онлайн байқауы. 2025 жылы байқауға ауданнан 184 оқырман қатысып, Қ. Жармағанбетов мектебінің 9-сынып оқушысы Жылқыбай Нұрай бірінші орынды жеңіп алып, 150 мың теңге ақшалай жүлдемен марапатталды.
Жастарды кітапқа баулу ісін жандандыру мақсатында биыл аудандық кітапхана жанынан «Белсенді ардагер оқырмандар» қауымдастығы құрылды. Бұл ұйым «Оқитын ұлт» жобасы аясында жас буынды кітап оқуға тәрбиелеу және отбасылық оқу дәстүрін жандандыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Рухани жаңғыру бағытындағы бастамалар да кең өріс алды. Ұлт ұстазы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған апталықта «Міржақып – азаттық жолындағы күрескер», «Міржақып оқулары» сияқты іс-шаралар мен мүшәйралар ұйымдастырылып, жас ұрпаққа ұлт рухын сезіндіруге үлес қосты.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында жергілікті ақындар Абылай Мауданов, Мұхарбек Жәкейұлы және Марғұлан Оспановтың қатысуымен «Кітаппен көмкерілген күн» атты онлайн телекөпір өтті.
Ал киелі Торғай жерінде өткен «Торғай – тұлғалар мекені» атты республикалық поэзия фестивалі өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Әсем Ғарифоллақызы бұл іс-шараның да басы-қасында болып, аудан кітапханаларының шығармашылық әлеуетін кеңінен таныта білді.
2025 жылдың 24 қазанында өткен «Кітапханашы – руханият шамшырағы» атты салтанатты жиын да осы ұжымның ізденісі мен бірлігінің көрінісі болды. Аудан әкімі Дінмұхамбет Бидашов кітапханашылардың еңбегін атап өтіп, үздіктерді марапаттады. Кеш барысында ұйымдастырлығанг «Кітапхана – руханият ордасы» атты көрме мен мерекелік концерт көрермен көңілінен шықты.
Бүгінде Әсем Ғарифоллақызының басшылығымен аудандық кітапханалар жүйесі тек кітап қорын толықтырып қана қоймай, өңірдің рухани өмірін байытып келеді. Заманауи технология мен дәстүрлі кітап оқу мәдениетін ұштастырып, кітапханаларды мәдени орталыққа айналдыру – басшының басты мақсаты.
Кітапхана – өткеннің даналығын, бүгіннің талабын және болашақтың үмітін тоғыстырған киелі орын. Осы игі істердің бәрінде Әсем Ғарифоллақызы Досмағанбетованың іскер басшылығы мен руханиятқа деген жанашырлығы айқын көрінеді.
Мұхарбек Жәкейұлы