Колорадо штатының атақты шабандозы

Жаңалықтар
2511

Қолына гитара ұстап, әуелете, көкке өрлете ән шырқайтын, бір көрген адамның көзі тоятын бойлы-сойлы, сымбатты жігітті балалық, жастық шағымызда баспасөз беттерінен оқып, теледидардан тамашалайтынбыз. Кейіннен ол ойнаған киноларды да талай көріп, ат үстінде отырғанда мықты, берік, икемді жігіттің қимыл-қозғалысына қарадан-қарап сүйсінетінбіз. Балалар тұрмақ үлкендердің өзі риза болып тамашалайтын «ДЕФА» ( ГДР ) киностудиясынан әманда үндістер тайпасының жақтаушысы, қорғаушысы рөлінде ойнайтын оның бейбітшілік жолындағы күрескер екенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныс едік. Америкадағы негрлердің, үндістердің азаматтық құқықтарын, бостандықтарын қорғап, жоғын жоқтап жүрген оны адамзаттың азаттығы үшін жүрегін жұлып беретін «Данкоға» теңейтін. Әншілігімен де таңғалдырып, миллиондаған кеңес адамдары үшін ол шырқаған әндер еркіндік пен жастықтың символындай сезілетін. Ол орындаған жұпыны рок-н-роллдың өзі ол шақта Кеңестер Одағында жаппай өріс алған вокалды-аспапты ансамбльдер үшін классикаға айналды. Кеңес Одағында Элвис Пресли мен Дел Шэннонды тыңдауға тиым салынса,айту мәнері осы әншілердің мақамына, құрылысына өте ұқсас оның әндері КСРО-ның төрт бұрышында бірдей шырқауға рұқсат берілді. Жетпісінші жылдардың соңында біз құралпы студенттер оның бейбітшілік туралы гитарамен шырқаған әндеріне, тіпті, би де билейтін...

Оның түр-тұрпатына лайық аты да әдемі, сыңғырлап естіліп тұратын. Айтуға өте жеңіл болатын. Балалық, жастық шағымызда бізге кумир болған бұл жігіттің есімі Дин Рид еді. Ол атына заты сай мынау жарық дүниеде ғажап ғұмыр кешті. Жастық кезіміздің өзінде ол қырықтың қырқасына шығып кетсе де біздің көзімізге қылшылдаған 25-тердегі жас жігіттердей көрінуші еді. Сенімді дерек көздерінен алынған мәліметтерге сүйенсек, Американың Колорадо штатында 1938 жылы өмірге келген Дин Ридтің шырқаған әндерін алғаш рет көршілері естіп, бағалапты. Ол 16 жасында концерттік бағдарламасымен Колорадо штатын түгел аралап шығады. Сонымен қатар американ фермерлерінің мерекесінде ән салып, көпшіліктің құлақ құрышын қандыратын әмбебап әншіге айналады. Сөйтіп атағы енді ғана шығып, көпшіліктің көзайымы бола бастағанда, кенеттен түрмеге жабылады. Марксизм және әлемдік коммунизм идеяларымен шындап шұғылдануы, американ әскерлерінің Вьетнамдағы соғысына, сонымен бірге Ақ Үй басшылығының реакцияшыл әскери одақтағы Сальвадор мен Панамаға әскери көмек көрсетуіне үзілді-кесілді қарсы болып, митингілер ұйымдастыруына байланысты ол АҚШ үкіметіне жақпайды. АҚШ-та ол әнші, актер емес, алыс қашықтықтыққа жүгіретін желаяқ және суға жүзгіш, малтығыш спортшы ретінде ғана танылып, өмірінің үлкен бөлігін өз Отанынан тыс жерлерде, атап айтқанда Латын Америкасы, Италия, ГДР және Кеңес Одағында өткізді. Жас марксисті Аргентина, Чили және Куба елдері де өз адамындай қабылдады. Аталған елдер басшылығы 30 жастағы жалынды қайраткерді өздеріне үзіліссіз шақыратын болды. Ол бұл елдердің трибуналарынан бейбітшілік жайында жалынды сөз сөйлеп, азаттық, бостандық хақындағы патриоттық әндерін еркін шырқады. Таптық күреске белсенді араласқан Дин Рид колумбиялық көтерілісшілер мен никарагуалық аш балаларға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастырады. Сондай-ақ ол әйелдер арасынан тұңғыш шыққан ғарышкер Валентина Терешковамен бірге Вьетнамдағы соғысқа қарсы ұйымдастырылған жастардың ток-шоуларына белсене қатысады. Кейін «Жастар бейбітшілік үшін күреседі» атты бағдарлама жасақтап, осы бағдарламаның аясында 180 елдің мыңдаған жас әншілері лауреат атанды. 1965 жылы ол бейбітшілікті жақтаушы әлем елдерінің Финляндияда өткен конгресіне қатысты. Бұл сапарында аталған елге жақын орналасқан Кеңестер Одағына Компартия басшылығының шақыруымен келіп, осы елде салтанат құрған социализмнің жетістіктеріне сүйсініп, журналистерге сұхбат береді. Одан соңғы жылдары да КСРО-на жиі келіп тұрды. Жастық шағымызда Дин Ридті теледидардан көріп, газеттен оқығанымыз осы тұс болатын. Әсіресе, оның сол кездегі алып құрылыстардың бірі БАМ-дағы жастар алдында концерт қойғанын қызыға тамашалаған едік. Әншінің Байкал-Амур магистралы арқылы зымырап келе жатқан пойыздың үстінде тұрып, гитарамен бейбітшілік туралы әндерін төгілдіре, тамылжыта шырқағанын көзіміз көрді. Сол жолы оның «Комсомольская правда» газетінде: «Менің отандасым Джон Рид Ресей туралы «Дүниені дүр сілкіндірген он күн» атты белгілі кітабын жазды. Фамилияласымнан айырмашылығым-жазушы емеспін, алайда «Дин Ридті дүр сілкіндірген БАМ-дағы он екі күн» деп аталатын шағын кітапша жазуыма болады»,-деп әзілдеп сұхбат бергені жадымызда жақсы сақталды. Осы сапарынан он шақты күн өткесін болар-ау деймін, теледидардан «Мен сіздерге бақыт тілеймін» деген тақырыппен деректі-музыкалық фильмді де тамашалап, Дин Ридтің БАМ-дағы болған мезетіндегі түсірілген көріністерге, әнші салған әндерге мейлінше разы болған едік. Фильм дегеннен шығады, 1973 жылы ГДР-на қоныстанғаннан соң ол ән салуын жалғастырып, ішінара фильм де түсіріп, өзі түсірген картиналарда өзі ойнады. Неміс вестерндерінде ол жаны ізгі, романтикалық кейіпкерлерді сомдады. Мысалы, Чилиде болған әскери төңкерісте пиночеттің қолынан қаза тапқан әнші-досы Виктор Хара жайында «Әнші» атты фильм түсіріп, басты рөлде ойнаса, «Братья по крови», «Красный Элвис» және тағы басқа туындыларда үндістердің жан досын келісті, әдемі етіп шығарып, ат құлағында ойнайтын кейіпкерлері арқылы үлкен-кіші көрермендерді тәнті қылды. Оның шабандоздығына бүкіл кеңес жастары еліктеді. Дин Ридті жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында баспасөз беттерінде «Колорадо штатының атақты шабандозы» деп жазып жүргеніне сан мәрте куә болдық. Атақты шабандоздың өзі де өле-өлгенше туып-өскен жері Колорадо штатында тұруды армандап кетті. 

Алдында айтқандай, Дин Рид өзге де социалистік елдерге, соның ішінде Кеңес Одағына жиі қатынап, эстониялық актриса Эве Кивиді жақсы көрсе де оларға тұрмыс құрып, Мәскеуде тұруға коммунистік мораль ұстанымдарына сай рұқсат берілмеді. Мәскеуден үй берілмегесін өмірінің соңғы 13 жылын ол ГДР-да өткізіп, осында 1986 жылы 47 жасында дүниеден озды. Белгілі кино зерттеуші Федор Ибатұлы Раззаковтың айтуынша Дин Рид ДЕФА ( ГДР ) мен Рига ( СССР) киностудиялары бірлесіп, үнділердің американ үкіметіне қарсы азаттық күресін бейнелейтін фильмді түсіру кезінде үйінен қашық емес жердегі көлге батып кеткен. Кейбір зерттеушілер оған арнайы қастандық жасалып өлтірілді деген болжамдар айтады. Қысқасы, оның өлімі туралы бірнеше деректер келтіріледі. Алайда оның бәрін тәтпіштеп тізіп жату біздің мақсатымыз емес. «Таулар алыстаған сайын жақындай түседі» деген тәмсіл бар. Дин Рид заманында, қазірде Аңыз-Адамға айналғаны ақиқат.

Нұрымбек Жапақов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...