Қазақстанда көп әйел алу тақырыбы тағы қызу талқыға түсті. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елде екінші...
“Компанияның ешкімге қарызы жоқ” — Азамат Үсімбеков “VD Stroy Engineering” дауына қатысты үлкен сұхбат берді
Фото: Ulysmedia.kz
Кейінгі уақытта Азамат Үсімбеков басқаратын “VD Stroy Engineering” компаниясы түрлі даулы оқиғалардың ортасында жиі аталып жүр. Соның бірі — журналист Ботагөз Омароваға қатысты қозғалған қылмыстық істің не себепті ушыққаны туралы мәселе, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бұл жағдай журналистің компанияға қатысты жасаған жарияланымдарынан кейін туындаған.
Ботагөз Омарова жұмысшылардың мәселесін көтеремін деп жүріп, қалайша өзі кәсіпкермен арадағы даудың ортасында қалды? Азамат Үсімбеков “VD Stroy Engineering”-ке қатысты айтылған сын мен журналистке байланысты жағдай туралы не дейді? Кәсіпкер бұл жөнінде Ulysmedia-ға берген сұхбатында пікір білдірген.
Айта кетейік, аталған компанияның мердігерлерге ақы төлемегені туралы әңгіме қоғамда біраз уақыттан бері айтылып келеді. Сол субмердігерлер журналист Ботагөз Омароваға шағымданған. Алайда кейін оқиғаның өрбуі журналистің өзін айыпты етіп көрсеткендей әсер қалдырды.
Бұл жағдайдың қалай басталғаны және журналистпен қашан таныс болғаны туралы Азамат Үсімбеков былай дейді:
– Ботагөз ханыммен біз оның жариялаған видеоларынан кейін таныстық. Кейін өзіміз хабарласып, кездесіп сөйлестік. Сол видеоларда сөйлеген адамдар да бірге болды. Олар ашық түрде менің де, компанияның да оларға ешқандай қарызы жоқ екенін айтты. Біз де барлық құжаттарды көрсетіп, ешкімнің алдында берешегіміз жоқ екенін дәлелдедік.
Кәсіпкердің айтуынша, компанияға қатысты әлеуметтік желіде тараған айыптауларға нақты дәлелдер келтірілмеген. Азамат Үсімбеков барлық қаржылық құжаттар мен келісімшарттардың құқық қорғау органдары мен сотқа ұсынылғанын айтып, компания қызметінің заң аясында жүргізілгенін мәлімдеді.
Сұхбат барысында журналист кәсіпкерден: «Кездесіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін де жарияланымдар жалғаса берген соң, ренжідіңіз бе?» – деп сұраған.
Бұл сұраққа Азамат Үсімбеков:
– Жоқ, ренжіген жоқпын. Бірақ өз құқығымды қорғауға құқылымын. Сондықтан мен де, компания да сотқа шағым түсірдік. Алдымен оған жариялаған материалдарын өшіріп, шындыққа жанаспайтынын мойындап, ресми түрде кешірім сұрауы туралы сотқа дейінгі ескерту жолдадық. Алайда ол керісінше тағы бірнеше видео жариялай бастады, – деп жауап берген.
Сондай-ақ кәсіпкердің айтуынша, журналистпен жеке кездесуде Ботагөз Омарова видеоларды өшіретінін айтып, кешірім сұраған.
– «Сіздердің алдарыңызда ыңғайсыз жағдайда қалдым, кешірім сұраймын. Ертеңге дейін ойланып, бұл материалдарды қалай өшіретінімді шешемін», – деген болатын.
Алайда Азамат Үсімбековтің сөзінше, осыдан кейін де жарияланымдар жалғаса берген.
– Соған қарамастан жарияланымдарын тоқтатпады. Оның артында қандай мақсат болғанын білмеймін, – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар Азамат Үсімбеков өз кәсіптерінің айналасында туындаған дауларға байланысты Remstroy компаниясы мен журналист Ботагөз Омароваға қатысты сотқа шағым түсіргенін айтты.
Қозғалған қылмыстық іс бойынша кімнің уәжі дәлелді екені алдағы уақытта белгілі болады.