«Күн сайын балалар өледі»: Қостанайлық тұрғын дәрігерлердің жауапсыздығын сынға алды

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
148

Қостанай тұрғыны перинаталдық орталық дәрігерлерін жаңа туған нәрестесінің өліміне кінәлап отыр, деп хабарлады Мadeniportal.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Әсел Уақбаева екі апта бойы ауруханада жатып, тек қызынан емес, бала көтеру мүмкіндігінен де айырылды. Әйелдің айтуынша, босану кезінде дәрігерлер оның кесарь тілігін жасау туралы өтінішіне құлақ аспай, ұзақ уақыт мүлдем шара қолданбаған.

35 жастағы Әсел Уақбаева бірнеше күн бұрын перинаталдық орталықтан шықты. Дәрігерлер оған енді ешқашан ана бола алмайтынын айтқан. Әйелдің сөзінше, 4 наурыз күні, жүктілігінің 35-аптасында, оның суы кетіп, ауруханаға түскен. Ол кесарь тілігін жасауды сұраған, бірақ дәрігерлер хаттамаларға сүйене отырып, бас тартқан. Бір күн өткен соң қатты толғақ басталып, артынша қан кету пайда болған. Тек сол кезде ғана дәрігерлер оны операцияға алуды шешкен.

"Есімді жиғанда, мені жансақтау бөліміне әкетіп бара жатты. Дәрігерлер баламның жоқ екенін, оның қанға тұншығып қалғанын айтты. Бұл – акушер мен дәрігерлердің кінәсі. Бұл істі соңына дейін жеткіземін, өйткені мұндай жағдайлар өте көп. Қыздар маған пікірлерін жазып жатыр. Мұнда күн сайын дерлік балалар өледі, бірақ бұл жай ғана жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Әйелдер сәбиін құшағына алу үшін келеді, бірақ мен сияқты мүгедек болып кетеді", – деді Әсел Уақбаева.

Әселге жатырын алып тастағанын 8 күннен кейін ғана хабарлаған. Бұл жаңалық оны қатты шошытып, әділдікке жетуге бел буды. Әйел өзінің адвокаты Алмат Рсалинмен бірге полиция департаменті мен медициналық бақылау басқармасына арыз түсірген.

"Біз өз бетімізше медициналық бақылау департаментіне арыз жаздық, бірақ олар қолданыстағы регламенттерге сәйкес шағымды облыстық ауруханаға жіберді. Бұл – күрделі шеңбер. Дәрігерлердің үстінен түскен шағымды сол дәрігерлердің өздеріне қарайтын мекемеге жолдайды", – деді Алмат Рсалин.

Перинаталдық орталықтың хабарлауынша, алдын ала медициналық картаны тексеру кезінде босану уақытында бала жолдасының жедел ажырап кетуі салдарынан қан кету пайда болған. Бұл нәрестенің жатыр ішінде шетінеуіне алып келген. Дәрігерлер қан кетуді тоқтату үшін қарқынды ем жүргізіп, пациенттің өмірін сақтап қалуға тырысқан.

Қостанай облыстық ауруханасы перинаталдық орталығының акушерлік-гинекологиялық көмек жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Борис Аутеновтың айтуынша, қазір қызметтік тексеру басталған. 

"Қазір қызметтік тексеру жүргізіп жатқан комиссия құрылды. Пациенттің денсаулығына қатысты басқа мәліметтер жариялауға жатпайды", – деді бас дәрігер.

Әселдің айтуынша, ол көптен күткен қызын өмірге әкелуі керек болған. Бұл – оның отбасындағы екінші бала. Қазір ол мәйітхана сараптамасының қорытындысын және қызметтік тексерудің нәтижелерін күтіп отыр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері енді шетелдік платформаларда ойнатыла...

ЖАҢАЛЫҚТАР

17 жыл құлдықта болған Назгүл бен Құндыздың қамқоршысы Зүлфия Төлегенова күтпеген мәлімдеме жасады,...