Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкинаға пәтер кілті тарту етілді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
77

Қалың жанкүйер Италиядан тарихи жеңіспен оралған Михаил Шайдоровты Астана халықаралық әуежайында зор құрмет-қошеметпен күтіп алды, деп хабарлады MadeniPortal.kz. 

Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы жазды.

— Түн ішінде мені қарсылауға келген баршаңызға үлкен рахмет айтамын. Жүрегім жылып қалды. Олимпиада ойындарында туымыз биікте желбірегенде, елім үшін зор мақтанышты сезіндім. Халықтың ықыласы сондай ыстық, көп жылы сөз естіп жатырмын. Баршаңызға үлкен рахмет! Елдің құрметі мені жігерлендіреді. Қабілетімді одан әрі жетілдіріп, мемлекетіміздің даңқын тағы да асқақтатсам деймін, — деп ағынан жарылды қысқы Олимпиаданың чемпионы Михаил Шайдоров.

Салтанатты қарсы алу рәсімінде сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшының Олимпиада чемпионы атануына үлес қосқан ата-анасына, жаттықтырушыларына, дәрігерлеріне т. б. мамандарға алғыс айтты.

— Мұндай үлкен жеңіс балалардың спортқа деген ынтасын оятады. Михаилдың Олимпиада чемпионы атануы көптеген ұл-қызымыздың жолын ашады деп сенемін. Жалпы, қысқы Олимпиадаға қатысқан барлық спортшымызға рахмет айтамын. Еліміздің намысын қорғаған 36 спортшының 10-ы жақсы өнер көрсетіп, алғашқы ондыққа енді, — деді Е. Мырзабосынов.

Іс-шарада ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин де жылы лебізін білдірді.

— Еліңе медальмен оралудың қандай болатынын мен жақсы білемін. Қыз-жігіттер жарады. Ең алдымен, чемпиондарымыздың бапкерлерін, отбасын құттықтаймын. Өйткені, олар әрдайым спортшылардың жанынан табылып, қолдау білдірді. Спорт саласындағы мамандар — министрлік, федерация, Ұлттық олимпиада комитетінің қызметкерлері — бәрі де осы жеңіске үлес қосты. Бізде енді конькимен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиаданың алтын медалі бар. Қазақстан бұған әбден лайық. Мақтан тұтайық. Олар біздің жаңа қаһармандарымыз, — деді Г. Головкин.

Ал Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы демеушілердің атынан Астанадан Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Осындай құрмет мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсем Қасановаға және алғашқы ондыққа енген мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаға көрсетілді. Оларға бір бөлмелі пәтер сертификаты берілді.

ПОЭЗИЯ

Мехриддин Өтегенов – ақын. Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Сем...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бразилиядағы Минас-Жерайс штатында нөсер жауын салдарынан қаза тапқандар саны 30-ға жетті. Тағы 39 а...