Назарбаев, Путин, Мұхамедиұлы: сотқа тартылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі куәлік берді

Фото: ulysmedia

ЖАҢАЛЫҚТАР
396

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша сот талқылауы жалғасты. Ол 1 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыпқа ілінген, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Ulysmedia.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

Қожағапанов былтыр наурыз айында ұсталған. Ал бұл іс бойынша бірге жауапқа тартылып отырған тағы бір тұлға – SUCCESS K стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова.

Бұрынғы шенеунікке қылмыстық кодексінің 361-бабы («ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша айып тағылса, Көккөзова 189-бап («өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, аса ірі мөлшерде») бойынша жауапқа тартылып отыр.

Антикордың мәліметінше, Қожағапанов 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында SUCCESS K компаниясымен келісімшарт жасасуға ықпал еткен. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, форумды өткізуге арналған смета негізсіз екі есе ұлғайтылып, соның нәтижесінде мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырылған.

“БҰЛ МЕНІҢ ЖҰМЫСЫМ ЕМЕС”

Қожағапанов сотта екі сағаттан астам уақыт бойы куәлік берді, алайда оның көп бөлігі өзінің кәсіби тәжірибесі туралы әңгімелеуге жұмсалды. Тікелей форум мәселесіне көшкен кезде айыпталушы сметаларды әзірлеу мен мемлекеттік сатып алуларды жүргізу оның вице-министр ретіндегі міндеттеріне кірмегенін мәлімдеді.

Вице-министр форумдарды ұйымдастырумен айналыспайды. Мемлекеттік сатып алуларды да өткізбейді. Вице-министрдің міндеті – жалпы өнім қалыптастыруға бағытталған идеялар ұсыну. Туризм – бұл кәдімгі бизнес. <…> Сметаларды әзірлеу, құжаттарды дайындау – бұл комитеттердің құзырындағы мәселе. Ол жерде шамамен 50-ге жуық маман жұмыс істейді. Бұл – солардың міндеті. Олар актілерге қол қойып, сметаларды бекітуі тиіс. Біз қазір не туралы айтып отырмыз? – деп ашуланды Қожағапанов.

Экс-вице-министрдің айтуынша, оның Қазақстан-Ресей форумындағы рөлі "саяси сүйемелдеумен" ғана шектелген. Ол тек ресейлік әріптестерімен байланыс орнатып, президент пен шенеуніктердің баяндамаларын дайындауға қатысқанын алға тартты.

“ІС ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН”

Қожағапанов өзіне қарсы қылмыстық іс қолдан жасалған деп тағы мәлімдеді. Оның айтуынша, айыптау тарапының басты куәгері – Гүлзат Жуаспақова. Яғни бұрынғы туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары, ол Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты іс бойынша екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Экс-шенеуніктің пікірінше, Жуаспақова айыптаушы тарапқа жалған куәлік ету арқылы жеңіл жаза алған.

Жуаспақова мен Көккөзованың хат алмасқаны бар. Жуаспақова Көккөзоваға "Маған сіздің көзқарасыңыз ұнады. Форумды сіз ұйымдастыра алатындай етіп мәселені көтеремін. 1,9 млрд теңгені есептеңіз" деп жазады. Ал Көккөзова: "Біз үнемдей аламыз" дейді. Сонда Жуаспақова: "Ештеңені үнемдеудің қажеті жоқ. Қаржы министрлігі өзі қай жерден үнемдейтінін табады" деп жауап береді. Бұл жерде Қожағапановтың қандай қатысы бар? – деп наразылық білдірді ол.

Бұрынғы вице-министр Жуаспақованың мәдениет және спорт министрлігінен кеткеннен кейін де Мұхамедиұлының қарамағында жұмыс істегенін, сондай-ақ оның қылмыстық іс бойынша ерекше жеңілдетілген процессуалдық шараға ие болғанын алға тартты.

Жуаспақова қызметінен кеткен соң Мұхамедиұлының қарамағында жұмысын жалғастырды. Ол қылмыстық іске де бірге тартылды. Бірақ оның қазақстандық сот тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше процессуалдық мәртебеге ие болғаны таңғаларлық. Ол – "келіп отыру туралы міндеттеме" ғана алды. Мұндай артықшылықтың орнына не ұсынылды? Әрине, маған қарсы жалған айғақ беру, – деді Қожағапанов.

Сонымен қатар, ол сол кезде мәдениет және спорт министрлігін басқарған Арыстанбек Мұхамедиұлының да жауапкершілігі туралы тұспалдап өтті.

Бұл – 15-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумы. Назарбаев 2019 жылы қызметінен кетті. Демек, бұл – оның қатысқан соңғы форумы және Путинмен соңғы кездесуі. Осындай маңызды іс-шарада министр жұмысты комитетіне немесе орынбасарына тапсырып қоя ма? Мұндай мүмкіндік бар ма? Ол үшін осы жалғыз форум ғана маңызды болды, және ол Назарбаевқа өз адалдығын көрсету үшін барын салды, – деп мәлімдеді Қожағапанов.

СОТ ОТЫРЫСЫ КЕЛЕСІ АПТАҒА ШЕГЕРІЛДІ

Бұл істі қарастырып жатқан судья Қанат Тобағалиұлы сот отырысын келесі аптаға, 3 сәуірге қалдырды. Қожағапанов сәрсенбі күні куәлік беруін жалғастырады.

Бұрынғы вице-министр былтыр наурыздан бері қамауда отыр.

26 наурызда SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова сотта куәлік берді. Оның айтуынша, форумды ұйымдастыру бойынша тендерге Kazakh Tourism және APEX компаниялары да қатысқан, бірақ ол бұл туралы тек сот процесі кезінде ғана білген. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістан облысында патрульдік полиция Беларусьтен келген туристерді негізсіз тоқтатып, ақша талап е...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қаржаубай Нұрымов күдіктілердің үстінен жаңа арыз түсірмек, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ Ulysmedia...