Қарқаралы тауларында қарағандылық отбасы өз есімдерін жартастарға жазып кеткен, деп хабарлайды MADEN...
«Неге үнсіз отырсыздар?»: Абзал Құспан Yandex Go дауына байланысты Мусин мен Мәдиевке үн қатты
ЖИ
Бұрынғы депутат Абзал Құспан такси қызметтеріне қатысты туындаған даудан кейін Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевке ашық үндеу жасады. Ол отандық цифрлық сервистер төңірегіндегі жағдайға түсініктеме беруді сұрады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Yandex Go қызметіндегі іркілістен кейін отандық «Апару» және «Қажет» такси сервистеріне қатысты қоғамда қызу пікірталас басталған. Әсіресе бұл мәселе қазақтілді ортада кеңінен талқыланып жатыр.
Абзал Құспан Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевтің Қазақстандағы цифрландыру саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Алайда қазіргі жағдайда олардың үнсіз қалуын түсінбейтінін айтты.
«Мен сіздерді Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрған, Мемлекет басшысы ерекше сенім артқан, еліміз үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танимын. Еңбектеріңізді бағалаймын, болашақтарыңызға үлкен үмітпен қараймын. Осы уақытқа дейін екеуіңіздің де аттарыңызға бірде-бір сын айтқан емеспін», – деп жазды ол.
Оның пікірінше, дәл осындай сәтте цифрландыру саласына жауапты азаматтар қоғам алдына шығып, жағдайды түсіндіруі керек.
«Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?» – деді Абзал Құспан.
Сонымен қатар ол үндеуінің мақсаты аталған азаматтарды сынау немесе олардың еңбегіне күмән келтіру емес екенін атап өтті.
«Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?» – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 11 қазанда Yandex Go платформасының жұмысында ақау болып, Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрғындар такси шақыру және жеткізу қызметтерін пайдалана алмай қалған еді. Осы оқиғадан кейін отандық такси сервистерін дамыту мәселесі қоғамда қайта көтерілді.