Біріккен Араб Әмірліктерінің орталығы Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылады. Бұл туралы Сауда және...
Олар да өз орнын тапқысы келеді
Соңғы жылдары қоғамдағы мүгедек жандардың мұңын мұңдап, реті келген жерінде өткір пікірлер айтумен көзге түсіп жүрген белсенді азаматтардың бірі – «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Василий Шиманский.
Ол бүгінгі Сенатта ұйымдастырылған кездесу барысында да өзекті ойларымен бөлісті. «Біздегі түрлі әлеуметтік қызмет, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері өз беттерінше жұмыс істейді. Олардың берген есебіне қарасаң, барлығы атқарылған, реттелген, тамаша цифрлар сөйлеп тұр, бірақ, біз бір орында тұрмыз, ешқандай қозғалыс жоқ. Өйткені білім беру жүйесі оларды оқытады, дайындайды. Сонымен олардың қызметі тәмамдалады.
Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік бағдарламалар бойынша оларға жәрдемақылар төленеді. Нәтижесінде мүгедек адам жұмыс істемей, үйінде отырады. Егер осы білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен әлеуметтік қорғау қызметтері бірлікте жұмыс істесе, жақсы нәтиже болар еді», - деді ол. Шиманский мүгедектерге несие беру мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Иә, біз оларды түрлі қорлардың көмегімен оқытамыз. Олардың ішінде де бизнес бастауға қабілеттілері бар. Бірақ, қаржы қолбайлау болады. Өйткені оларға несие беру қарастырылмаған», - деген спикер мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі туралы да ой қозғады.
Оның айтуынша, мүгедектерді жұмыспен қамту тетігі жоқ және кез-келген кәсіби жұмысқа психологиялық бейімделу мәселелері де шешілмеген..Шиманскийдің сөзімен депутаттар да келісті. Өйткені статистикаға сүйенетін болсақ, мүгедектердің 30 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.
Сенатта өткен «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңды іске асыру мәселелері бойынша кездесуде негізгі баяндаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жасады.
Оның айтуынша қазіргі уақытта елімізде 670 мың мүгедек жан бар. Олардың 61,9 пайызы еңбекке қабілетті жастағылар болса, 25,4 пайызы зейнеткерлер, ал 12,7 пайызы кәмелетке толмаған балалар. Министр мүгедектердің құқықығын қамтамасыз етуге арналған жоспар бар екенін, осы жоспарды жүзеге асыру барысында қаржыландыру көлемі ұлғайғанын баяндады. Атап айтқанда, 2017 жылы жоспар бойынша 5,4 млрд. теңге бөлінген болса, биылғы жылы мүгедектерге 6 млрд. теңге қарастырылып отыр.
А. Сейілова