Онлайн жұмыс, қосымша табыс: Тоқаев қазақстандықтарға жаңа мүмкіндік ашпақ

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
17

Қазақстанда азаматтарға цифрлық платформалар арқылы ақша табуға, жасанды интеллект көмегімен ақылы тапсырыстар орындауға және өз өнімдерін онлайн сатуға жаңа мүмкіндіктер жасалмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

23 қарашада қол қойылған құжатқа сәйкес, Үкімет 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін халықтың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған кешенді жоспарды бекітуге тиіс.

 

Қазақстандықтар онлайн тапсырыс орындап, ақша таба алады

Президент ұйымдар мен кәсіпкерлерге цифрлық платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырыстарды тұрақты орналастыру тетігін қалыптастыруды тапсырды. Азаматтар осы тапсырыстарды орындау арқылы табыс тауып, кәсіби тәжірибе жинай алады.

Сонымен қатар қазақстандықтарға жасанды интеллектіні кәсіби қызметте пайдалану және оның көмегімен ақылы тапсырыстарды орындау дағдыларын меңгеруге жағдай жасалмақ. Бұл бағытта жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшы Кай-Фу Лидің ұсынымдары пайдаланылмақ.

 

Ауыл тұрғындарына алдын ала ақша беру тетігі енгізілмек

Жарлықта ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, ауылдағы өндірушілерге өнімін сатудан түсетін болашақ түсім есебінен алдын ала қаржы беру тетіктерін қарастыру тапсырылды.

Сондай-ақ ауыл тұрғындарына өз өнімдерін электрондық сауда алаңдары мен ірі сауда желілері арқылы өткізуге, тауарларын сатып алушыларға жеткізуге және онлайн сауда жүргізуді үйренуге қолдау көрсетілмек.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа мүмкіндік беріледі

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруды тапсырды.

Ол еңбек, салық, әлеуметтік және азаматтық-құқықтық қатынастарды қамтиды. Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнаулы салық режимі аясында рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.

 

Жаңа жүйе қашан іске қосылады?

Жарлыққа сәйкес:

  • 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін – кешенді жоспар бекітіледі;

  • 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін – цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимі қалыптастырылады;

  • 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін – өңірлік жоспарлар бекітіледі;

  • 2027 жылғы 1 сәуірге дейін – жекелеген өңірлерде пилоттық жобалар іске қосылады;

  • 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін – жобалардың нәтижесі бағаланып, табысты тәжірибелерді кеңінен енгізу шаралары айқындалады.

Жарлықтың басты мақсаты – халықтың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту, жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын дамыту және азаматтар мен шағын кәсіпкерлердің цифрлық нарыққа қолжетімділігін арттыру.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді. Оның орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.