БҮГІН КҮЛЛІ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМНЫҢ ҚАСИЕТТІ МЕРЕКЕСІ - ҚҰРБАН АЙТ! Мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Ж...
Отбасы – шағын мемлекет
Фото: ашық дереккөзден
Отбасы – шағын мемлекет деген тәмсіл бар. Осы сөздің төркініне үңілген адам жалпы мемлекет құрылымында, қоғам өмірінде отбасы институтының қаншалықты маңызға ие екендігін түсінетін болады, деп жазды madeniportal.kz.
Мемлекеттің өзі осы көптеген жекелеген отбасылардың бірігуінен, қауымдасуынан құралады. Ал осы отбасыларда өсіп жатқан балақандар ертең ел билігін қолына алып, тұтас мемлекеттік механизімнің тұтқасын ұстайтын болады. Ел болашағы солардың келбетімен сипатталады. Сондықтанда мемлекеттің ертеңгі келбеті әр отбасындағы балалардың үй ішіндегі, мектеп қабырғасындағы, одан әрі арнайы және жоғарғы оқу орындарындағы азаматтық тұлғасының қалыптасуымен тікелей байланысты. Осыған орай отбасы құндылықтары, онда жас өскінге берілетін тәрбие-тәлім мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс.
Дәстүрлі қазақ қоғамында бағзы замандардан бері отбасылық құндылықтарға аса мән берілген. Оған ұлтымыздың өмір сүру философиясы, қоршаған ортаға деген көзқарасы, отбасының қоғамдағы рөлі дәлел бола алады.
Отбасындағы ең үлкен құндылықтарының бірі – оның мүшелерінің бірі-біріне деген құрметі, әйелі мен еркектің шынайы сезімі, ақ-адал қарым-қатынасы. Қазақ «Ынтымағы жарасқан отбасына қайғы-қасірет жоламайды» дейді. Әрине, өмір болғаннан кейін адам баласының басына қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық кезектесіп келіп жатады, одан тірі пенденің ешқайсы ада емес. Әйтсе де, «Қайғыны бөліссең жеңілдейді, қуанышты бөліссең көбейеді» демекші, ауыр-ауыртпалық кезеңдерде адамның жанында жақсы көретін отбасы мүшелері болса, сүрінгенде сүйеп, құлағанда тұрғызып жберетін қамқоршысы болса, ондай отбасылар қандай қиындықтарды болсын жеңіп шығады. Өмірдің тезіне шыңдалады, шымырлана түседі. Қай мемлекетте бақытты отбасылар көп болса, сол мемлекет соғұрылым мықты болады, аяғынан нық тұрады. Мұндай мемлекеттер сыртқы экспанцияға да төзімді келеді. Еліне, жеріне қорған бола алады.
Қазақ қоғамы үшін отбасы құндылықтары қай уақытта да аса құрметтелген. Бұл жазылмаған дала заңы, бабалар дәстүрі. Жетімін жылатпаған, жесірін жатқа бермеген қазақ бағзы замандардан бері отбасы институтын дамытып, тіпті әулеттік, рулық деңгейге дейін көтеріп жібергені таңғаларлық құбылыс дер едім. Ал ол кейінгі кезде заман ағымына мемлекеттік заңдармен реттеліп, белгілі бір жүйеге түсті.
1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселесі бойынша кеңес құрылды. Уақыт өте келе аталған ұйым Отбасы және әйелдер ісі бойынша ұлттық комиссиясы болып өзгертілді. Бүгінде мұндай комиссиялар республиканың барлық аймақтарында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары жалпақ жұртқа жарияланып, мұндай отбасылардың үлгі-өнегесі мемлекеттік деңгейде насихатталатын болды.
Сөзімді қорыта келе айтпағым, ұлтық мүддені бәрінен биік қоятын әр азамат, әр отбасы отбасы құндылықтарын сақтау өзінің перзенттік борышым деп қабылдағаны дұрыс. Біз сонда ғана салауатты, сау қоғамды құра аламыз.