Мехран Карими Нассери – ирандық босқын. Жиырма жылға жуық Францияның «Париж-Шарль де Гол...
Өзбекстандық пианист елордада өнер көрсетеді
Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Мадина Файзиева классик композитор С.Рахманиновтың 150 жылдық мерейтойына арналған концерттерімен «Астана Опера» театрында өнер көрсетеді. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында 17 ақпан өзбекстандық қонақ фортепианолық музыкаға арналған жеке концертін берсе, 20 ақпан «Романспен кездесу» вокалдық музыка кешінде танымал қазақстандық опера әншілерімен бірге өнерін ортаға салады. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz хабарлайды.
Мадина Файзиева – өз елінің жарқын пианистерінің бірі, әлемнің жетекші сахналарында белсенді концерттік қызметінен бөлек, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясы арнайы фортепиано кафедрасының меңгерушісі. Әртістің шығармашылығы Италия мен Германияда өткен халықаралық байқаулардағы жарқын жеңістерімен, пианистерді дайындағаны үшін «Тасанно» сыйлығымен, «Халықтық білім беру саласының үздігі» медалімен және «Жыл музыканты» сыйлығымен атап өтілді. Мадина Файзиева елордалық сахнада алғаш рет өнер көрсетпек.
- Әлбетте, мен «Астана Опера» театрының даңқы мен оның атақты солистері туралы көп естідім. Қанық тембрлі, ғаламат дауысты қазақстандық әншілерінің арқасында Қазақстанның вокалдық өнері бүкіл әлемге танымал, - дейді пианист.
Әртістің гастрольдік бағдарламасы 17 ақпан К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өтетін фортепианолық музыкаға арналған жеке концертімен басталады. Ал 20 ақпан театр қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері «Астана Операның» жетекші солисі Бибігүл Жанұзақпен және сұранысқа ие баритон Азамат Жылтыркөзовпен бірге өнер көрсетеді.
- Мен үшін Сергей Васильевич Рахманиновтың тұтас шығармашылығы ерекше. «Романспен кездесу» вокалдық кешінің бағдарламасын, әрине, тамаша солистер Азамат Жылтыркөзов пен Бибігүл Жанұзақ ұсынды. С.Рахманиновтың фортепианолық шығармаларынан құралған жеке концертіме келер болсақ, прелюдияларды іріктеуге негізінен вокалдық кеш бағдарламасын таңдауымыз себепші болды. Прелюдиялар көбінесе көркем бейнелі романстармен, көңіл күймен, эмоционалды сәттермен үндес келеді. Мұндағы параллельдерді шексіз жалғай беруге болады. №1 соната ре минорға келсек, бұл – С.Рахманинов шығармаларының ішіндегі сүйікті туындыларымның бірі. Соната бағдарламасы И.В.Гётенің «Фауст» трагедиясының кейіпкерлері мен сюжетіне негізделгені белгілі. Бірақ, әрине, әркім өзі үшін терең мағына аша алады. Қалай десек те, бұл соната адам өмірінің ажырамас бөліктерінің бәрін қамтыған – бітпейтін ой толғаулар, күмән, арпалыс, жақсылық пен зұлымдықтың, жарық пен түнектің текетіресі, сыршыл көңіл мен күйлер, болмыстың философиясы.
Концерттер қазақстандық тыңдарман қауымға Мадина Файзиеваның музыкант ретіндегі бейнесін екі түрлі кейіпте, екі орындаушылық жанрда: жеке орындаушылық және вокалистермен бірге ансамбльде паш етеді.
- Мен үшін жеке өнер көрсету дегеніміз – бұл автордың еркіне барынша бағынған жағдайда өзімді таныту мүмкіндігі. Қалай болғанда да, композитордың туындысын өзіндік пайымдау. Ал шығармашылық одақта, вокалистпен музыкалық диалогта өнер көрсету сахнада өмір сүрудің өзге формаларын талап етеді. ХХ ғасырдың басында камералық вокалдық жанрдың дамуы бір ерекше қасиетпен сипатталды – бұл фортепиано партиясының өсіп келе жатқан рөлі еді, ол енді әншінің партиясымен тең дәрежедегі мәнге ие болды. Рахманиновтың романсындағы фортепианоның сүйемелдеуі дәл осындай ерекше байлығымен, бояуы мен пішіндерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді, оның үстіне әуезді жарқын, бедерлі вокалдық партия оның тығыз қалың өрнегі аясында анық көрініп, ешқашан солғын тартпайды. Сондай-ақ фортепиано жанында вокалдық желімен ұштасқан ерекше әуенді дауыс жиі білінеді, нәтижесінде екі серіктес арасында мәнерлі диалог пайда болады. Дегенмен мазмұндалудың күрделілік дәрежесі мен формасы қандай болса да, дауыс партиясы мен фортепиано әрдайым дерлік өзара тығыз әрекеттесіп, біртұтас ажырамас көркемдік тұтастықты құрайды. Сөзсіз, Бибігүл Жанұзақпен және Азамат Жылтыркөзовпен бірге «Романспен кездесу» вокалдық кешінде өнер көрсетуіміз арқылы көркемдік біртұтас көріністі қалыптастыратын осынау үйлесімді әріптестікке қол жеткізгіміз келеді, - деп өз ойымен бөлісті Мадина Файзиева.