Жыл соңында шығармашылық ұжымның жылды қорытындылаған жалпы жиналысы болып өтті. Атқарылған жұмыстар...
Қазақстанда Өзбекстан Республикасы архивтерінің күндері өтуде
ҚР МАМ баспасөз қызметі
Шымкентте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Өзбекстан Республикасы архивтерінің күндері өтуде, деп хабарлайды Мәдениет порталы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс-шара аясында «Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті және «Узархив» агенттігінің, Шымкент қаласы әкімдігінің, Қазақстан және Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивтерінің өкілдері, сондай-ақ тарихшылар мен өлкетанушылар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
Конференцияда ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқыды.
«Біз - ортақ шекарамыз ғана емес, тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері ұқсас бауырлас халықпыз. Орталық Азия аймағында Өзбекстан Республикасымен ауқымды мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған стратегиялық маңызы зор бірлескен жобалар іске асырылуда. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастық Мемлекет басшыларымыздың саясатының арқасында қарқынды дамып келеді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мәдени мұраларды зерттеуде, Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік архив қорларында сақталған құнды тарихи мәліметтерді анықтауда табысқа жететінімізге сенімдімін», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Узархив» агенттігі төрағасының орынбасары Шерзод Садықов екі ел арасындағы архивтік қарым-қатынасты нығайтып, жан-жақты дамытуға ведомство тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Конференцияда тарихты зерттеудегі архив құжаттарының орны мен рөлі, архив саласының жағдайы және даму перспективалары, архивтік құжаттардың сақталуын қамтамасыз етудің заманауи технологиялары туралы жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, екі мемлекеттің қор жинағынан "Қазақстан архивтеріндегі Өзбекстан мемлекетінің тарихы" және Өзбекстан Республикасы Узархив агенттінің "Өзбекстан архивтеріндегі Қазақстан мемлекетінің тарихы" көрмесі қойылды. Конференция модераторы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы қатысты.