Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент тағы бір тағайындау жөніндегі бұйрыққа қол қойды,...
Павлодарда екі оқушы қызды зорлады деген күдіктілер ұсталды
ашық дереккөз
Павлодарда мектептердің бірінде білім алатын екі кәмелетке толмаған қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін деген дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оқиға мектеп психологының оқушылармен жеке әңгімелесуі кезінде белгілі болған. Павлодар облыстық білім басқармасының мәліметінше, қыздарға қатысты ықтимал заңсыз әрекеттер туралы ақпарат алынғаннан кейін мектеп әкімшілігі тиісті шаралар қабылдаған.
Білім беру мекемесі бұл жағдайды оқушылардың заңды өкілдеріне хабарлап, құқық қорғау органдарына жеткізген. Сонымен қатар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдастырылған.
«Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне хабар берілді, ақпарат құқық қорғау органдарына жолданды. Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдастырылды. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қосымша мәліметтер жарияланбайды», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық білім басқармасы.
Павлодар облыстық полиция департаменті де аталған жағдай бойынша тергеу басталғанын растады. Құқық қорғау органдарына алғашқы хабарлама мектеп әкімшілігінен түскен.
«Полиция екі қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу аясында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Әзірге күдіктілердің нақты саны, олардың жасы мен оқушыларға қандай қатысы бар екені жарияланған жоқ. Сондай-ақ қылмыстық істердің Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша қозғалғаны нақтыланбаған.
Полиция тергеу мүддесіне және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне байланысты оқиғаның өзге мән-жайларын жария етпейтінін мәлімдеді.