Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Аида Маратқызы күйеуі жайлы тың ақпаратпен бөлісті, деп хаба...
Павлодарда мұғалімге шабуыл жасаған оқушы жайлы тың ақпарат тарады
дереккөз
Павлодар қаласындағы бір мектепте сынып жетекшісіне шабуыл жасады деген айыппен аты шыққан тоғызыншы сынып оқушысына қатысты оқиға жалғасын тапты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Бұған дейін 15 жастағы жасөспірім үзіліс кезінде мұғалімнің мойнынан құшақтап, біраз уақыт жібермей қойғаны туралы ақпарат Telegram-арналарда тараған еді. Хабарламада оқиға күзгі бал кезінде болғаны айтылған.
Оқиғадан кейін педагог полицияға жүгінген. Тексеру нәтижесінде оқушының әкесіне «кәмелетке толмағанды дұрыс тәрбиелемеу» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар, жасөспірімнің тәртібі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралатыны хабарланды.
Мектептің бейнебақылау жазбасында оқушының басқа бір балаумен үстел ойынын ойнап отырғаны көрінеді. Сол сәтте мұғалім арт жағынан келіп, ойыншықтың бір бөлігін тартып алады — бөлшектері еденге шашылып кетеді, ал басқа оқушылар оларды жинауға көмектеседі. Жарты минуттан соң мұғалім тағы жақындап, қалған бөлігін алмақ болғанда, жасөспірім оны мойнынан ұстап, бірнеше секунд жібермей тұрады. Мұғалім бірнеше рет қолын алып тастауды сұраған.
Әкесінің пікірі
Оқушының әкесі, өзі де тәжірибелі ұстаз, баласының әрекетін дұрыс емес деп танығанымен, оның мұғалімге қасақана шабуыл жасамағанын айтады.
«Ұлымның ісіне наразы болдым, бірақ объективті түрде айтқанда, шабуыл немесе зиян келтіру ниеті болған жоқ. Қақтығыс мұғалім ойыншықтың бір бөлігін қолынан жұлып алғаннан кейін басталды. Ол жағымсыз эмоция көрсеткен жоқ. Екінші рет мұғалім қалған бөлігін алмақ болғанда осындай жағдай орын алды. Ұлымның айтуынша, егер мұғалім алысырақ тұрса, зат жыртылып кетуі мүмкін еді, сондықтан ол ұстап қалған. Бұл әрекет, әрине, дұрыс емес. Осы үшін жауапкершілікті мойныма аламын, мен де, ұлым да өкінеміз», — деді ол.
Әкесінің айтуынша, күзгі бал басталар алдындағы осы оқиға ұлына қарсы интернеттегі травлиге ұласқан.
«Мұғалім маған хабарласып, ұлымның мектепке ойыншықпен келгенін айтып, оны алып кетуімді сұрады. Бірақ бұл сабақтан тыс, мерекелік шара алдында болған. Ойыншық ешкімге кедергі келтірген жоқ. Мұның осындай дау тудыратынын ойлаған да жоқпын. Ұлымды әлеуметтік желілерде мектептен шығару керек, арнайы мектепке жіберу керек деп жазып жатыр. Бірақ ол қоғамнан оқшаулануы тиіс «құбыжық» емес», — деді павлодарлық ата-ана.
Баланың жағдайы мен қоғам реакциясы
Павлодар облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шакенова бұл жағдайды күрделі әрі біржақты бағалауға болмайтын деп сипаттады.
«Кез келген бала мен ересектің арасындағы қақтығыста жауапкершілік алдымен ересек адамда болады. Бірақ бұл заң бұзушылықты ақтауға себеп емес. Жағдай өте күрделі. Маған белгілі болғандай, кейбір ата-аналар өз балаларын онымен сөйлеспеуге мәжбүрлеп отыр. Мен ең алдымен баланың психоэмоциялық жағдайына алаңдаймын. Қатты хейтке тіпті әр ересек адам да төтеп бере алмайды, ал бұл — жасөспірім ғой», — деді ол.
Айта кетсек, оқушының үстінен полицияға арыз жазған педагог оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты.