Павлодарда өрттен қашпақ болған 23 жастағы қыз көз жұмды

видеодан алынған кадр

ЖАҢАЛЫҚТАР
211

Павлодарда пәтердегі өрт кезінде терезеден секіріп кеткен жас қыз ауруханада қайтыс болды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Құтқарушылар оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, дәрігерлер жағдайын тұрақтандыра алмады. Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 12 маусым күні болған. Таңғы сағат 03:55 шамасында «101» қызметіне Баян батыр көшесіндегі бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер пәтер ішінде жиһаз, тұрмыстық заттар мен терезе жақтауы жанып жатқанын анықтаған. Өрттің аумағы шамамен 20 шаршы метрді құраған. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, жалынды 04:16-да оқшаулап, 04:22-де толықтай сөндірген. Өрт кезінде мамандар баспалдақтың көмегімен үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге шығарған. Алайда қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмаған. Ведомство мәліметінше, 2003 жылы туған қыз өрт сөндірушілер келгенге дейін өздігінен құтылуға әрекет жасап, екінші қабаттағы терезеден секіріп кеткен.

«Оқиға салдарынан екі ересек адам жану өнімдерінен уланған күйде ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ 2003 жылы туған қыз зардап шекті», – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД өкілдері.

Өңірдің денсаулық сақтау басқармасы қыздың Павлодар қалалық №3 ауруханасына 12 маусым күні сағат 04:25-те түскенін мәлімдеді. Дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенімен, сағат 05:50-де оның қайтыс болғаны анықталған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.