Ертең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де онлайн форматта Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кең...
Павлодардағы зауытта төтенше оқиға болды: Зардап шеккендер бар
ашық дереккөз
Павлодардағы алюминий зауытында екі адам өндірістік жарақат алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«16 мамыр күні сағат 23:10-да Павлодар алюминий зауытында №3 пештің кептіру аймағын тазалау жұмыстары кезінде материал жиналған қабаттың бір бөлігі опырылып құлады. Жұмыс жүргізіліп жатқан сәтте аймақта диірмен машинисі мен агломерация цехының агломератшысы болған», — деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Зардап шеккен жұмысшыларға жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер диірмен машинисінің оң жақ сирағы сынғанын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Кәсіпорын мәліметінше, екінші зардап шегуші оң жақ сирағын соғып алған, сүйек сынуы мен еңбекке жарамсыздық тіркелмеген. Дәрігерлер тексергеннен кейін ол амбулаториялық ем алуға жіберілген.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі зауытта ешқандай апат болмағанын да атап өтті.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган қызметкерлері Павлодар алюминий зауытының аумағына барып тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталған жоқ», — деп мәлімдеді кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады. Жұмысшылардың жарақат алу фактісі бойынша қабылданған шешім кейінірек жарияланады.