Президент: Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке қосымша құзырет беру керек

фото: gov.kz

Жаңалықтар
166

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа әр жылдары Президенттік жастар кадр резервінің қатарына өткен мамандардың бастамашылдығымен атқарылып жатқан жобалар таныстырылды. Оның ішінде, Citix компаниясының экспорттық әлеуеті, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің ерекшеліктері, «Kazakh Invest» компаниясының өңдеуші, өндіруші кәсіпорындар мен энергетика саласына инвестор әкелу тәжірибесі, сонымен қатар бюджеттік үдерістерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» жүйесі жөнінде деректер айтылды, деп хабарлайды madeniportal.kz.

Мемлекет басшысы жас өнертапқыштардың осы инновациялық еңбектеріне жоғары баға бере отырып, Үкімет жағынан оларға қажетінше қолдау мен көмек көрсетілуі керек екендігін, бұл жаңашылдықтардың қоғамдық өмірге оң өзгерістер әкелуі керектігін қадап ескертті.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, мемлекеттік қызметке жаңаша ойлайтын, қоғамдық санасы жетілген, ой-пайымы ұшқыр, халқына жанашыр жандардың көптеп келуі қуантады.

Қазіргі таңда Президенттік жастар кадр резервінде 400 үміткер тізімде тұр. Оның үш жүзге жуығы, шамамен 70 пайызға жетеқабыл жас маман орталық және жергілікті атқарушы органдарда жоғарғы және жауапты қызметтерге бекітілген. Енді біршама талапты да талантты жас квазимемлекеттік секторда және бизнесте бақтарын сынап, қуат-қарымдарын іске асырып жүр.

Бүгінде республика аумағында көптеген тың реформалардың қолға алынып, қызу атқарылып жатыр. Ел дамуы үшін тың тәсіл, батыл қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысы бұл іске жігерлі, табанды, қиындықтардан қорықпайтын әрі өз ісіне берілген жастардың керектігін, олардың бұл жаңашылдықтардың қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керектігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет қызметіне жұмысқа кіріскен жандардың жаңа заманға тән мәдениетті қалыптастырулары, жасампаз құндылықтарды өмірге әкелуі керектігі жөнінде айрықша тоқталды. Өйткені әділетті Қазақстанның барлық салаларында, оның ішінде мемлекеттік органдарда тәртіп пен заң үстемдігі орнауы керек.

Егер олай болмаған жағдайда, бүгінгі кетеуі кеткен беймаза геосаяси жағдайда елімізді уақыттың сын-тегеуріндерінен аман сақтап қалу оңай емес. Мұны бәрі түсінгені жөн. Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, жалпы қоғам заңға бағынуға тиіс. Және бір айтпағымыз, бұл демократияны, жариялықты бұғаттау емес, қайта Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, демократиялық процестерді жандандыра түсетіні сөзсіз.

ҚР Президенті жас кадрларды жауапты қызметтерге бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтының жұмысын жандандыру керектігін баса айтты. Одан бөлек, мемлекеттік қызметте басшылық басқа лауазымға ауысқанда, соңынан командасын ертіп, үдіре көшу әдетінің бүгінге дейін тыйылмай келе жатқанын сынады. Сол себепті Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке және Президент Әкімшілігіне мұндай келеңсіздіктердің жолын кесіп, тиісінше қадағалау қажеттігін, заңсыз әрекеттерге түбегейлі тосқауыл қоюды жүктеді.

Президент Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша басымдылық құзырет беру керектігін тілге тиек етті. Өйткені республиканың кадр саясатын қалыптастырғанда Агенттіктің жеткілікті пәрмені болуы шарт. Бұл, әлбетте, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке ерекше жауапкершілік жүктейтіні түсінікті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекет органдарды айтарлықтай  озат салаға айналдырудың реті келгенін ескертті. Себебі кеңестер заманынан бері қоғамдық өмірден қалмай келе жатқан жабайы бюрократиядан, орынсыз қағазбастылықтан арылатын күн жетті. Мемлекеттік жүйеде барлық орындаушылық процестер ашық әрі жариялы болуы қажет.

Президенттің айтуынша, мемлекет те, заң да, адам да қоғам үшін еңбек етуі тиіс. Қазақстанда халықтың мүддесін қорғайтын, ел ісіне шын жанашыр, жетпей жатқан жоғына жоқшы бола алатын мемлекеттік қызметтің жаңаша моделін жасап шығу керек. Жұмыс үрдісіне заман талабынан шығатын әрі қоғам сұранысына жауап беретін жаңа амал-тәсілдерін енгізген дұрыс. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысын нақты әрі әділ бағалайтын өлшемдер қалыптастыру қажет.

Президент сөзінің соңын жастар қауымына қарата айтты.

«Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...