Үндістанда сел апатынан 24 адам қаза тапты, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Батыс Бенгалия штатынд...
Президент Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді
Фото: Ақорда
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Президент әскерилердің құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.
Тоқаев оқиға қатысы барлар шеніне қарамастан қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Тоқаевтың жеке бақылауында.
«Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе», - деді Президент.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Каспийдегі оқу-жаттығудың мақсаты түсініксіз деп сөкті.
Президенттің айтуынша, қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.
Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», – деді Мемлекет басшысы.