Елорда 21-ші туған күнін атап өтті. Биыл осы күнге орай Нұр-Сұлтанда 100-ден астам іс-шара ұйымдасты...
Президенттің қатысуымен Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастықтары фестивалі басталды
Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастықтарының бірінші гала-фестивалі басталды. Фестиваль жаңадан ашылған "Жекпе-жек" сарайында өтуде, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
"Мемлекетіміздің тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында елімізде дене шынықтыру және спорт дамуының барлық мүмкіншілігі жасалған. Бұл сала бүгінгі таңда маңызды әлеуметтік-экономикалық сала ретінде аяғынан нық тұрды деп айтуға болады. Осы сөзімнің айқын дәлелі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған бүгінгі күні есігін бірінші рет айқара ашып отырған "Жекпе-жек" сарайы. Құтты болсын!", - деді фестивальдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Министр Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы еліміздің өңірлерінде жауынгерлік өнер фестивалін өткізгенін айтты.
"Жобаның басты мақсаты - өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінгі кеште Жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіретін жекпе-жек спортының 21 түрінен спортшыларымыздың өнерін тамашалаймыз", - деді ол. Шара аясында кәсіби және әуеқой жекпе-жектер ұйымдастырылып, жарық шоуы болып жатыр. Каратэ, таэквонда, ММА, грэпплинг және басқа жекпе-жек түрлері бойынша спорттық машықтар көрсетілуде. Айта кетерлігі, фестиваль 2019 жылдың мамыр айында Шымкент қаласында басталып, еліміздің барлық өңірлерінде өткізілген еді.