Путиннің Құранды сүюі – оның мұсылмандыққа өткенін білдіреді ме?

Фото: mosregtoday.ru

Жаңалықтар
286

22 тамызда Владимир Путиннің үлкен құрметпен Құранды қайта-қайта сүйген видеосы интернетті шарлап, "вирустай" тарады, деп хабарлайды madeniportal.kz inbusiness.kz тілшісіне сілтеме жасап. 

"Өзбекстанның әлеуметтік желілерінде лезде жайылған бұл видео Узнетті пайдаланушылардың көбісінің жүрегін жаулады. Кадрларда Ресей федерациясының президенті Владимир Путин Шешенстанға барғанда, Құранды үлкен қошеметпен қолына алып, ешкімнің сұрауынсыз-ақ бас салып сүйіп жатқаны бейнелген. Ресей лидері барша мұсылман жамағаты үшін Қасиетті кітапты Шешенстан астанасы Грозныйға сапары аясында Иса пайғамбар атындағы жаңа ашылған мешітке сыйға тартты. РФ басшысы Құранды сүйіп болғаннан кейін оның көркемдігін атап өтті", – деп жазады "Новости Узбекистана" порталы.

Ақпарат агенттігі бұл видеоның бүкіл әлемді шарлап шыққанына назар аудартады. Оны сол күні Орталық Азияның, Түркияның, Тунистің, Мысырдың, Сауд Арабиясының, Біріккен араб әмірліктерінің, Сирияның және басқа елдердің жетекші телеарналары мен басылымдары көрсеткен. Видео сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның әлеуметтік желілерінде де танылды. Ендеше Кремль басшысы мұсылман әлемінің өзіне деген көзқарасын жақсарта түсуді мақсат тұтса, дегеніне жеткенге ұқсайды.

Бұл Құран баспаханада басылмаған, қолмен жасалған қолөнер туындысы болып шықты. Ол алтын оюлармен зерленген, асыл тастармен безендірілген.  

Осыдан кейін Ресейде "Путин Ислам дінін қабылдады ма?" деген қауесет қайтадан өрттей қаулады. Бұл сұрақ Рунетте жауабы ең көп ізделген сұрақтардың біріне айналды.

Сол 22 тамызда "Ответы Mail.ru"-да, түрлі блогтарда пікір қалдырған кейбір ресейліктер: "Соған ұқсайды" деген ортақ байламға келді.

"Құранды сүю – Ислам дінін қабылдады дегенді білдіруі мүмкін. Бірақ Путин осы арқылы билік үшін бүлік бола қалса, бірінші кезекте Шешенстан басшылығы мен халқының қолдауын иеленгісі келуі мүмкін. Олар – өзінің одақтасы және билік вертикалінің тірегі болады деген бос үміт. Сондай-ақ Ресейде күш ала бастаған исламистік күштерді сабасына түсіру, РФ басшылығының мұсылмандарға қарсы еместігін білдіру үшін жасауын да жоққа шығаруға болмас. Бұл ым-ишарасы көмектеспегенге ұқсайды. Волгоград түбіндегі Суровикинода, №19 түзеу мекемесінде жат ағын өкілдері тағы да кепілдерді басып алды. Крокустағы алапат терактіге тапсырыс берушілер де сол бойы әшкере етілмеді", – деп жазады "pioneer_lj" лақап атымен белгілі блогер.

"Ислам дінін қабылдағанын РФ басшысы еліне ашық, адал жариялағаны жөн. Егер мұсылман болса, онда неге шоқынады? Неге арам аузымен Құранды сүйеді?", – деп сауал тастады "Вот что"  YouTube арнасының жүргізушісі.

Өз кезегінде ТАСС агенттігі Ресейде 1991 жылдан бері мешіттердің саны 60 еседейге өскенін алға тартты. Бұл ақпаратты президент әкімшілігі басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов хабарлапты. Егер 1991 жылы РФ-та 120 мешіт қана жұмыс істеп тұрса, 2023 жылдың соңында мешіттердің саны 7 мыңнан асты. Оның айтуынша, "Ресейде бейбітшілік пен ізгілік идеалдарын ілгерілететін нағыз Исламның әлеуетін толық ашу" үшін барлық мүмкіндік жасалуда.

Мешіттер құрылысы жалғасуда. 2026 жылы Хакасияда тұңғыш мешіттің құрылысы аяқталуға тиіс. Кремль басшысы әскерилерге арналған "Патриот" паркінде мешіт тұрғызу жобасын мақұлдағаны жарияланды.

Ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі осы кезеңде 350 мың ресейліктің қажылыққа барғанына екпін түсірді. Жыл сайын 25 мыңға дейін ресейлік мұсылман қажылыққа аттанады. ПӘ басшысы орынбасарының айтуынша, "Ресейдің бүкіл тарихында мұндай ешқашан болмаған".

Путиннің өзге дінге өткені туралы теорияны ұстанатындар дәйектеме ретінде "РФ басшысының мұсылман әйелмен азаматтық некеде тұратынын" да алға тартады. Уикипедияда Алина Қабаеваның әкесі, Өзбекстан тумасы, өзбек футболшысы Марат Қабаевтың бүгінде, Ресейде Ислам бизнесінің халықаралық қауымдастығын құрып, оны өзі басқаратынын (президенті) еске салады.

Ресейлік публицист Станислав Белковский бұл қауесеттің туындауына Кремльдің өзі негіз беріп тұратынын айтады.

"В.Путиннің құпия түрде Ислам дініне кіргені туралы қаңқу сөз жыл өткен сайын өршіп, оған сенушілер қатары өсе түсуде. Рамзан Ахматұлы Қадыровтың қазіргі заманада өзін шектен тыс еркін ұстауы сонымен байланысты емес пе екен? Жаңа мың рубльдік купюрада крестердің жарты аймен ауыстырылуы да сол ойға жетелейді. РФ Орталық банкі ұсынған ең танымал 1 мың рубльдік купюрада Уфаның музейі және Қазан қаласының қос көрнекті орны – Сүйімбике мұнарасы мен Татар халқының мемлекеттілігі тарихының музейі бейнеленген. Музей бұрынғы сарайлық шіркеу ғимаратында орналасқан және онда енді крест жоқ", – деді Белковский.

Дегенмен, священник Павел Островский Путиннің Құранды сүюі – оның мұсылмандыққа өткенін білдірмейтінін түсіндірді.

"Православ христианиніне Құранды сүюге бола ма? Мұнда айыптайтындай, немесе теологиялық шиеленіс туғызатындай ештеңе жоқ. Мемлекет басшысы бұл қадамға біздің көп конфессионалды мемлекетіміздің алдындағы жауапкершілігін түсінгендіктен барды. Ол осы арқылы елдегі барлық діндарлардың біріккенін көрсеткісі келсе керек. Құранды өбу – өзге діннің киесіне деген құрмет. Құрметінің белгісі ретінде Құранды бұған дейін Рим Папасы да сүйген", – деді священник Павел Островский.

Айтқандай, Путин билік басына келгелі Ресейде 30 мыңнан астам жаңа шіркеу ашылыпты.

Путиннің Ислам дініне кіргені туралы алғашқы "ақпараттар" 2015 жылдан бері дүркін-дүркін бой көрсетеді.

"РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Лайфньюз" телеарнасына сұхбатында Владимир Путиннің Исламды қабылдағанын растады, деп жазады "Интерфакс". Песковтың айтуынша, шынында да осындай шешім қабылданды. "Владимир Владимирович өз басына қатысты жайттардың бәрін бірдей маған айта бермейді. Бірақ мен оны бұрыннан білемін: ол мұндай шешімді уақытша сезім-әсерге беріліп қабылдамайды. Менің өзім де қызыға бастадым. Қазіргі кезде Құранды оқып жүрмін" деді Песков", – деген хабар таратты 2015 жылы бірқатар ақпарат құралы (ол кейін "фейк" деп жарияланды).

Содан "Россия" телеарнасының эфирінде Орыс православ шіркеуінің сол кездегі қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы  Всеволод Чаплин осыған қатысты сұраққа тікелей жауаптан жалтарып, патриарх науқастанып қалғандықтан, бұл жаңалыққа толыққанды түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді. Алайда, ол президенттің кез келген рухани ізденістеріне құрметпен қарайтынын жеткізуді сұрапты. Осыдан кейін қауесет өрттей лаулап кетті.

IslamNews "Владимир Путиннің Ислам дінін қабылдағаны" туралы гу-гу сөзді блогерлер, бірқатар сарапшылар қызу талқылағанымен, ресейліктердің қалың көпшілігі бұған еш қарсылық танытпағанына, бей-жай қалғанына назар аудартады.  

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...