Елімізге белгілі ММА шебері Қуат Хамитов алматылық қыздар туралы айтты, деп хабарлады MADENIPOR...
«Қасбет неге құлады?»: Ұлдана Мырзуан ісінде сарапшы маңызды мәлімдеме жасады
видеодан алынған скрин
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста құрылыс саласының маманы Вероника Лабаева тұрғын үй қасбетінің техникалық жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
«Егер ғимарат бес қабат етіп салынғанда, оған мұндай жел және динамикалық жүктемелер әсер етпес еді. Ғимараттың биіктігі қажетті есептік параметрлер ескерілместен екі есе ұлғайтылған. Менің ойымша, жарықтар сияқты ақаулар — түпкі себеп емес, оның салдары. Әрине, жобадағы сәйкессіздіктер — құрылысты жүргізу барысында кеткен ақаулармен күшейтілген, әрекеті уақыт өте байқалатын мина секілді», — деді Лобаева.
Қорғаушы тарап маман алдына қасбеттің опырылуына не себеп болғанын анықтауға бағытталған бірқатар сұрақ қойған. Атап айтқанда, ғимараттағы кірпіш қалаудың жобаға сәйкестігі, оның көтергіш қабілеті мен беріктігі, үйдің нақты қабаттылығы, құрылыс кезінде жіберілуі мүмкін кемшіліктер және ғимараттың шамамен 20 жыл пайдаланылуы назарға алынған.
Сондай-ақ қасбеттегі ақаулар ғимаратты пайдалану кезінде тиісті күтім жасалмауынан пайда болды ма, әлде мәселенің түпкі себебі бастапқы жобалау немесе құрылыс жұмыстары кезінде кеткен кемшіліктерде ме деген мәселе сотта көтеріліп отыр.
Еске салайық, қайғылы жағдай 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болған. Ғимарат қасбетінің бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға орнына көмек көрсетуге келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.
Қазір аталған іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.