«Қазақ тілімен қатар қолданылады»: Дәурен Абаев орыс тілінің мәртебесіне тоқталды

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
234

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев елдегі орыс тілінің мәртебесі, мәдени әралуандық және екі мемлекет арасындағы білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы пікір білдірді. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен «Ресей халықтары» халықаралық апталығының ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Дипломат Мәскеуде өткен «Ресей халықтары» халықаралық апталығы аясындағы «Халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың форматтары, қатысушылары және келешегі» атты панельдік сессияға қатысты.

Абаевтың айтуынша, Қазақстан әлемдегі технологиялық өзгерістерге бейімделе отырып, ұлттық дәстүрлер мен мәдени ерекшеліктерді сақтауға ұмтылады.

«Әлем өзгеріп жатыр. Біз де Қазақстанда ғана емес, Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан ауқымды технологиялық өзгерістерді ескере отырып, өзгеруіміз керек деп санаймыз. Бірақ сонымен бірге өзіміздің мықты тұстарымызды, дәстүрлерімізді сақтауға тырысамыз», – деді елші.

Дәурен Абаев Қазақстандағы мәдени және этностық әралуандыққа тоқталып, орыс тілінің екі ел арасындағы білім беру байланыстарындағы рөлін атап өтті.

«Біз орыс тілін жоғары бағалаймыз. Өйткені Қазақстанда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады және оның конституциялық мәртебесі бар. Еліміздің көпконфессиялы әрі көпұлтты мемлекет екенін бағалаймыз», – деді ол.

Елшінің мәліметінше, қазіргі уақытта Ресейде Қазақстаннан барған 60 мың студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының тоғызға жуық филиалы жұмыс істейді. Олар техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша мамандар даярлайды.

Дипломат екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, тараптар концерттер, көрмелер мен театр қойылымдарын алмасумен шектелмей, бірлескен шығармашылық жобаларды дамытуы керек.

«Бірлескен жобалар жасап, таланттарға еркіндік беру қажет. Оларға қысым көрсетпей, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек. Сонда халықтарды жақындастыратын маңызды жобалар пайда болады деп ойлаймын», – деді Абаев.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, кездесуге Ресей президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой және мәдениет, кино, қоғамдық дипломатия салаларының өкілдері қатысты.

Жиында мәдени байланыстарды нығайту, бірлескен жобаларды қолдау және халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыру мәселелері талқыланды.

СПОРТ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткі...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әнші Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойына қатыспауының...