Бүгін Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар төрт сайыс түр...
2027 жылы елімізде бес спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз алдағы жылдары әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды қабылдайды.
«Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз. Яғни елордада жоғары деңгейде бірқатар дода ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылады».
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астанада өтетін футбол саласындағы маңызды халықаралық жиынға тоқталды.
«Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырады. Атап өткен жөн, мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі».
Президент УЕФА Конгресін жоғары деңгейде өткізудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ халықаралық жарыстарды ұйымдастыруда мемлекеттік органдар, спорт федерациялары және Ұлттық олимпиада комитеті бірлесіп жұмыс істеуі керектігін айтты.
Мемлекет басшысы халықаралық спорттық іс-шаралардың ел дамуына тигізетін пайдасына да назар аударды.
«Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді. Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді. Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір».
Президенттің айтуынша, халықаралық жарыстар елдің беделін көтеріп қана қоймай, туризмнің, әлеуметтік инфрақұрылымның және отандық спорт мектебінің дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге Қазақстан таза спорт қағидаттарын қолдап, халықаралық талаптарды енгізуге дайын.
Сөз соңында Мемлекет басшысы спорттағы әділ бәсекелестіктің маңызын атап өтті.
«Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.