Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатының алдын ала себебін атады, деп хабарлайды mad...
«Қазақмыс» кенішіндегі трагедия: марқұмдардың туыстары тергеу қорытындысымен келіспеуде
Фото: freepik.com
Ақпан айында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кеніште қаза тапқан Қайрат Ақшаловтың отбасы тергеу қорытындысымен келіспейді. Марқұмның туыстары тергеу барысында қорытындылар бірнеше рет өзгергенін, жауапты тұлғалардың саны қысқарғанын, ал уәде етілген көмектің ақшалай өтемақыдан өзге түрлері орындалмағанын айтып отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішінде болған апат салдарынан жеті кенші қаза тапты. Алайда қаза тапқандардың туыстары тергеу нәтижесіне қатысты сұрақтардың әлі күнге дейін жауапсыз қалғанын айтады. Сол қайғылы күні шахтадан оралмағандардың бірі – Қайрат Ақшалов. Марқұмның артында төрт баласы қалды. Оның бауыры Талғат Ақшалов тергеу барысында тек қатардағы жұмысшылардың жауапқа тартылғанына наразы. Ал «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы ешқандай жазаға тартылмаған.
“Комиссия 24 адамды кінәлі деп таныды. Бірақ жақында тергеушілер шақырып, жауапкершілікке тек екі адам тартылатыны көрсетілген құжаттарды берді. Оның үстіне, сол екеуінің бірі апат болған кезде кеніште жұмыс істемеген, кейін ғана рәсімделген. Мен облыстық прокуратураға, Президентке дейін жүгіндім. Осыдан кейін ғана үшінші адам қосылды. Бірақ олардың барлығы – қарапайым қызметкерлер. Ал «Қазақмыс» корпорациясы бұл жағдайға қатысымыз жоқ деп отыр. Егер апат олардың кенішінде болса, бұл қалай мүмкін?”, - деді Талғат Ақшалов.
Қоғам белсендісі Таубағұл Алданиязовтың айтуынша, үкіметтік комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екенін және жауапты 24 тұлғаның ішінде «Қазақмыс» корпорациясының да бар екенін анық көрсеткен. Алайда тергеу аясында тек үш адам ғана жауапқа тартылған. «Жанару» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік актіде көрсетілген барлық кінәлілердің жауапқа тартылуын және қаза тапқан кеншілердің отбасыларына уәде етілген көмектің толық көрсетілуін талап етеді.
“Мемлекеттік актіде жұмыс берушінің 100 пайыз кінәлі екені, ал қаза тапқан адамдардың кінәсі нөл екені нақты көрсетілген. Онда бұл апатқа кімдердің жауапты екені анық жазылған. Алайда бұл іс әлі күнге дейін лайықты шешімін таппай отыр. Бұл – парадокс: бәрі кінәлі, бірақ бәрі жауапқа тартылмайды. Меніңше, мұнда жауапты тұлғаларды жауапкершіліктен алып қашу, қылмысты жасыру әрекеті бар”, - дейді «Жанару» республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ҚБ Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Таубағұл Алданиязов.
Еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған Жұмысшы мамандықтар жылы «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғамен басталды. Алайда жыл соңына дейін кеншілердің қазасына кінәлілер әлі де жазаланған жоқ. Ал Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері елімізде 1029 адам өндірісте зардап шеккен, оның 145-і қаза тапқан.
Өндірістік жарақаттану деңгейі ең жоғары аймақтар қатарында Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай облыстары мен Алматы қаласы бар. Зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен және металлургия саласында – 17,4%, құрылыс саласында – 10,3%, мұнай-газ саласында – 5,6% тіркелген.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі төмендеп келеді. Алайда құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен аяқталмаған тергеулер тұр.