Лондонның ең беделді әрі тарихи аудандарының бірі саналатын Сент-Джеймс (St. James’s) ауданыны...
Қазақстан Халық Кеңесін құруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінбек
ашық дереккөз
Қазақстан Халық Кеңесін құруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсембекұлы Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz .
Вице-министрдің айтуынша, 2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына жалпы 4,9 трлн теңге көзделген. Оның 3,3 трлн теңгесі күштік құрылымдарға, ал 787 млрд теңгесі мемлекеттік басқаруға бағытталмақ.
Сонымен қатар Президент бастамаларын іске асыру үшін 470 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастыру жоспарланған. Қазақстан Халық Кеңесін құруға қажетті 1,7 млрд теңге осы резерв есебінен қарастырылып отыр.
Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның негізгі міндеттеріне мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға консультативтік тұрғыда қатысу, жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру және қоғамдық келісімді нығайту кіреді.
Конституциялық заңға сәйкес, Кеңес құрамына 126 адам кіреді. Олар үш бағыт бойынша тең бөлінеді:
-
42 адам – этномәдени бірлестіктерден;
-
42 адам – қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан;
-
42 адам – мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден.
Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Олар өз қызметін қоғамдық негізде атқарады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 2 шілдеде Президент жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылған болатын. Құжатта Кеңес басшылығы мен Хатшылықты орналастыру үшін үй-жай бөлу де қарастырылған.
Әзірге жарияланған мәліметтерде 1,7 млрд теңгенің нақты қандай шығындарға жұмсалатыны жеке-жеке көрсетілмеген. Бұл сома 2027 жылға арналған бюджет жобасында көзделген қаражат ретінде айтылып отыр.