Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлық...
Қазақстанда электромобильдерге жасыл түсті мемлекеттік нөмір беріледі
Фото: ІІМ
Қазақстанда электромобильдерге арналған жаңа мемлекеттік нөмір үлгілері әзірленді. Ішкі істер министрлігі ұсынған нөмірлердің басты ерекшелігі – өңір коды орналасқан бөлігінің жасыл түспен белгіленуі, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Нөмірдің қалған бөлігі ақ түсті болып қалады. Әріптер мен сандар қара түспен жазылады.
Жаңа нөмірлер жеңіл және жүк электромобильдеріне, электр автобустар мен электр мотоциклдерге беріледі.
Жаңа ережелерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Электромобильдерге арнайы нөмір беру тәжірибесі Ұлыбритания, Польша, Үндістан, Аустрия және Норвегия сияқты елдерде қолданылады.
Мәселен, Ұлыбританияда 2020 жылдан бастап электромобильдердің мемлекеттік нөмірінің сол жақ шетіне жасыл жолақ қойылады. Бұл көліктің қозғалыс кезінде зиянды газ шығармайтынын білдіреді.
Польшада электромобильдердің нөмірі толықтай ашық жасыл түсті. Ондағы әріптер мен сандар қара түспен жазылады. Мұндай ерекшелік электр көліктерін бірден тануға және оларға арналған жол қозғалысы жеңілдіктерін бақылауға көмектеседі.
Үндістанда жеке электромобильдерге жасыл фонда ақ таңбалары бар нөмірлер беріледі. Ал коммерциялық мақсатта пайдаланылатын электр көліктерінің нөмірінде сары таңбалар қолданылады.
Аустрияда керісінше, нөмірдің негізгі бөлігі ақ түсті болғанымен, әріптер мен сандар жасыл түспен жазылады. Кейбір қалаларда мұндай көліктерге тұраққа қатысты жеңілдіктер қарастырылған.
Ал Норвегияда электромобильдер нөмірінің түсі емес, әріптік белгісі ерекшеленеді. Оларға EL, EK, EV сияқты арнайы әріптік тіркестер беріледі.