Алматы облысы Талғар қаласында бір топ бұзақы өлтіріп кеткен 16 жастағы жасөспірім Шерзат Қаржаубайұ...
Қазақстанда жасалған: Қостанайда тігін фабрикасы ашылды
«Азурит» 2018 жылы он шақты адам жұмыс істейтін шағын ғана тігін цехы еді. Әдетте жеңіл өнеркәсіптің нарықтағы жолы ауырлау болып келеді.
Соған қарамастан мемлекет қолдауына арқа сүйеген шағын цех табанды ізденіске толы алты жылдың ішінде сан саланың жұмысшы, мамандарына арнап арнайы киім тігіп шығаратын табысты кәсіпорынға айналды. Енді, міне, 100 тігінші еңбек ететін іргелі фабрика мәртебесіне ие болып, қайта ашылып отыр.
Тігін фабрикасы бүгінде өңірдегі отыздан астам кәсіпорынның тапсырысын түгендеп, жұмысшыларын киіндіріп отыр. Олардың ішінде «СарыарқаАвтоПром», «АгромашХолдинг KZ» тәрізді машина жасау зауыттары, «Варваринское», «Комаров» секілді ірі кен кәсіпорындары, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы, мың жарым адам жұмыс істейтін «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы, «Қазақтелеком» АҚ-ның филиалы бар. Кәсіпорын, мұның сыртында, облыстың денсаулық сақтау мекемелері мен мектептеріне, сондай-ақ сан алуан қызмет көрсету саласының мамандарына арнайы киім тігеді.
Жаңа бір белесін бағындырған кәсіпорынның ашылу рәсіміне Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қатысты. Тігін фабрикасы биылдан бастап ортопедиялық жастық шығаратын өндірістік цехын іске қосқан. Алдағы уақытта мұндағы өндіріс ауқымын әлде де кеңейте түсуді жоспарлап отыр.
«Қазір фабрикада 100 адам еңбек етіп жатыр. Алайда тігін фабрикасы алдағы уақытта тағы 100 адамды жұмысқа алуды көздеп отыр. Оның үстіне біз тігін фабрикасының тек әйел адамдарға жұмыс беріп отырғанын ескеруіміз керек. Сондықтан бұл Қостанай қаласы үшін өте маңызды», дейді әкім.
Кілең әйелдер жұмыс істейтін үлкен ұжымның «арпа ішіндегі бір бидайы» – Александр Штибен. «20 жыл бойы әйелдерден қалыспай жұмыс істеп келемін. Кәсібім өзіме ұнайды», дейді тігінші.
Кәсіпорынның ортопедиялық жастық жасап шығаратын цехында жергілікті колледждің түлектері жұмыс істеп жатыр. Цех қазірше тәулігіне 150 жастық шығарады. Бағасы көлеміне қарай әртүрлі: 9 мың теңгеден 13 мың теңгеге дейін барады. Таяуда арнайы сертификатқа ие болған фабрика басшылығы енді облыстық аурухананы нарықтағы бағадан арзанырақ жастықтармен қамтамасыз ету жағын қарастырып жатыр.
Ортопедиялық жастық шығарып жатқан құрылғылармен жеңіл көлікке арналған орындықтарды да шығаруға болады екен. Сондықтан кәсіпорын Қостанайда құрастырылып жатқан жеңіл автокөлік өндірісінің жергілікті үлесін арттыру мақсатында «JAC S3», «Chevrolet Оnix» автомобильдеріне арналған орындықтарды шығаруды да жоспарлап қойған. Бұл жоба сәтімен жүзеге асса, тігін фабрикасының жанынан жеңіл автомобильдерге арналған орындықтар шығаратын тағы бір кәсіпорын іске қосылуы мүмкін. Бұған қала әкімдігі мен «Даму» қоры екі жақтап қолдау көрсетуге дайын отыр. Жалпы, тігін фабрикасының ғимараты да мемлекет қолдауымен салынғанын айта кеткен жөн. Кәсіпорын ғимаратты салып шығу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 350 млн теңге жеңілдетілген несие алған.
«Әу баста бізде 12 ғана адам жұмыс істеді. Қай жерде көрме ұйымдастырылып жатса, сол жерге барып, өнімдерімізді көрсетіп, көп ізденуге тура келді. Біздің елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай бар. Тек істің көзі таба білу керек», дейді «Азурит» тігін фабрикасының басшысы Светлана Шипилкина.