Анасы үй тапсырмасын орындамағаны үшін 11 жасар қызына пышақпен шабуылдап, жарақатпен ауруханаға түс...
Жезқазған мен Балқашта Қазақмыс қызметкерлері баспаналы болды
Фото: Kazakhmys
Қазақмыс жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Компания үшін қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету негізгі әлеуметтік бағыттардың бірі болып саналады.
2026 жылдың наурызында бағдарлама аясында әлеуметтік осал санатқа жататын 13 жұмыскерге пәтер кілті берілді. Қазір тағы 16 қызметкер тұрғын үйді меншікке рәсімдеу құжаттарын дайындап жатыр. Олардың жетеуі Жезқазған қаласында, тоғызы Балқашта тұрады.
Бағдарлама балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар мен көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жұмыскерлерге арналған. Компания өкілдері тұрғын үй мәселесін шешу қызметкерлердің әлеуметтік тұрақтылығы мен отбасы әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Бағдарлама аясында қызметтік пәтерлерді жеңілдетілген шартпен сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Қызметкерлер өздері тұрып жатқан баспананы бес жылға дейін бөліп төлеу арқылы рәсімдей алады. Ал бастапқы сатып алу құны нарықтық бағасының 10 пайызынан басталады.
Бағдарлама игілігін көргендердің бірі — «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмыскері Игорь Порабкович. Ол корпорацияда 34 жыл еңбек еткен. Отбасымен 20 жылдан астам уақыт қызметтік пәтерде тұрған жұмыскер биыл баспананы жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Біз 2006 жылдан бері тұрып келе жатқан пәтерді жеңілдетілген бағамен сатып алып жатырмыз. Бұл – отбасымыз үшін үлкен қолдау. Осындай мүмкіндік жасап отырған компанияға алғысымды білдіремін, – деді Игорь Порабкович.
Корпорацияда 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сайрагүл Мәдешова да бағдарламаға қатысушылардың қатарында.
Ұлымды жалғыз тәрбиеледім. Көп жыл бұрын компания маған жалдамалы пәтер беріп қолдау көрсетті. Енді сол баспананы нарықтық құнының 10 пайызымен бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Бұл – біз үшін үлкен көмек, – деді ол.
Компанияның тұрғын үй бағдарламасы жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға және еңбек ұжымын әлеуметтік қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.