Каспий теңізінің жағалауына қызыл түске боялып кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Ақтауда Кас...
Қазақстандағы ең жоғары жалақы: Ұлытау облысы үздік үштікке енді
Фото: ЖИ
Ұлытау облысы жалақы деңгейі бойынша Астана, Алматы қалаларын және бірқатар мұнайлы өңірлерді басып озды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебіне сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында Ұлытау облысындағы орташа айлық жалақы мөлшері 655 995 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысындағы орташа жалақы деңгейінен жоғары. Бұдан бөлек өңірдегі орташа номиналды жалақы мөлшері 461 486 теңгені құрайтын республикалық орташа жалақы деңгейінен асып түсті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, еңбекақы деңгейі бойынша көш бастап тұрған үштік қатарында мыналар бар:
- Маңғыстау облысы - 659 801 теңге;
- Ұлытау облысы - 655 995 теңге;
- Атырау облысы - 652 950 теңге.
Осылайша орташа айлық жалақы көлемі бойынша Ұлытау еліміздің екі мегаполисін басып озды: Астанада бұл көрсеткіш - 609 725 теңгені, Алматыда - 574 162 теңгені, ал Шымкентте - 350 374 теңгені құрады.
ҰСБ есебі Ұлытау облысының жоғары жалақы деңгейін сақтап қана қоймай, табысын одан әрі өсіріп жатқанын көрсетеді. Өңірдегі номиналды жалақы индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,5%-ды құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (109,1%) жоғары. Жалақы өсімінің қарқыны бойынша Ұлытау облысы мұнайлы Маңғыстау (106,2%) және Атырау (103,0%) облыстарымен қатарласа отырып, нақты табыс өсімі жөнінен бірқатар индустриялық өңірлерден озып отыр. Атап айтқанда, Ұлытау өңірі осы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарын артта қалдырды.
Инфляцияны ескере отырып есептелген нақты жалақы деңгейі 96,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Атырау облысындағы (91,8%) және Маңғыстау облысындағы (94,9%) деңгейден жоғары және ірі қалалардың көрсеткішіне жақын: Астанада – 98,1%, Алматыда – 99,5%.
Ұлытау облысында жалақы еліміздегі орташа көрсеткіштен сәл жоғары қарқынмен өсіп келеді. Ал инфляцияны есепке алғанда өңір тұрғындары сатып алу қабілетін мұнайлы өңірлерлермен салыстырғанда азырақ жоғалтады және Астана, Алматы тұрғындарының деңгейінен кем түспейді.
Айта кету керек, жоғары жалақы деңгейіне өңірдің тау-кен металлургия саласы мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметі ықпал етуде. Өңірдің өндірістік әлеуеті Ұлытау облысына білікті мамандарды тартуға және басқа индустриялық өңірлермен бәсекелесуге мүмкіндік беріп отыр.