Қазақстандықтар зейнетақы жинағын енді бірнеше компанияға бөліп бере алады

Фото: ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
213

Қазақстанда инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) зейнетақы активтерінің үш түріне дейінгі инвестициялық портфель қалыптастыруға рұқсат берілді. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Агенттіктің мәліметінше, бұл жаңашылдық салымшыларға өз қалауы мен тәуекел деңгейіне қарай инвестициялау бағытын таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын әртүрлі инвестициялық портфельдері бар бірнеше ИПБ-ның басқаруына беріп, активтерді әртараптандыруға болады. 

Бұдан бөлек, салымшылар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бере алады. 

Сонымен қатар бір ИПБ-ның бірнеше инвестициялық портфелі арасында активтерді бөлу мүмкіндігі енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтардың зейнетақы жинағына қатысты маңызды өзгеріс жоспарланып жатқанын жазған болатынбыз.

Жоспарға сәйкес, Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы портфелінің бір бөлігі кезең-кезеңімен лицензиясы бар жеке басқарушы компанияларға беріледі. Алғашқы кезеңде мемлекеттік бағалы қағаздардан бастау көзделген.

Сонымен қатар активтерді басқару кезінде тәуекелдерді бақылауға, ішкі бақылау жүйесіне және ақпаратты ашық жариялауға қатысты бірыңғай талаптар енгізіледі.