Маңғыстау өңірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз жанармай буынан уланып көз жұмды, деп хабарлады...
Қазақстандықтарға Temu мен AliExpress арқылы сатып алу жасаудың жаңа ережелері түсіндірілді
ашық дереккөз
2026 жылдың екінші жартысынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде шетелдік маркетплейстерден – Temu, AliExpress, iHerb және басқа платформалардан тапсырыс берілген тауарларға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, негізгі өзгеріс жеке пайдалануға арналған халықаралық сәлемдемелерді рәсімдеу мен салық салу тәртібіне қатысты болады.
Құны 200 еуроға дейінгі сатып алулар үшін шарттар өзгеріссіз қалады. Мұндай тауарларға кедендік баж бен салық төлеу талап етілмейді, ал сәлемдемелер бұрынғыдай жеткізіледі.
Алушыларға кеден органдарына өз бетінше жүгінудің қажеті болмайды. Декларацияларды рәсімдеумен электрондық сауда операторлары айналысады. Мұндай тауарлар «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа бөлінеді. Олар үшін операторлар тапсыра алатын арнайы кедендік декларация енгізіледі. Бір декларацияда 999 жеке тұлғаға дейінгі тауарлар туралы мәліметтерді рәсімдеуге болады.
Сондай-ақ 31 келілік салмақ шектеуі алынып тасталады. Алайда бажсыз әкелудің 200 еуролық лимиті сақталады. Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан асса, қосымша төлемдер енгізіледі: тауар құнының 5 пайызы мөлшеріндегі кедендік баж (жеңіл автокөліктерден басқа) және 16 пайыз қосылған құн салығы (ҚҚС).
Мысалы, тауар құны 250 еуро болса, кедендік баж 12,5 еуроны (шамамен 7 мың теңге) құрайды, оған қоса ҚҚС төленеді. Ал құны 500 еуро болған жағдайда баж 25 еуроға (шамамен 14 мың теңге) тең болады және оған да ҚҚС қосылады. Қазіргі кезде мұндай тауарларға бажсыз лимиттен асқан сомаға ҚҚС-пен бірге 15 пайыз көлемінде бірыңғай төлем қолданылады.
Егер тауардың кедендік құны тапсырыста көрсетілген бағадан өзгеше анықталса, есептеу кеден органдарының деректері негізінде жүргізіледі. Қате болған жағдайда сатып алушы кеден органдарына жүгінуі тиіс.
Жалпы алғанда, құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін сатып алушылар үшін сәлемдемелерді алу тәртібі бұрынғыдай сақталады.