Астанада соттың шешімімен келіспеген ер адам биік кранның басына шығып кеткені туралы видео тарам ке...
«Астана Операда» «Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтеді
Фото: Театрдың баспасөз қызметінен
31 қазан мен 1 қарашада «Астана Опера» театрында композитор Алексей Кестнердің музыкасына жазылған «Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтеді. Қойылымның дирижері – Элмар Бөрібаев. Ал қоюшы хореограф Кирилл Радев жаңа спектакльдің ерекшеліктері, дыбыссыз кино эстетикасы және елордалық театр әртістерімен жұмыс барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
«Астана Опера» балет труппасы үшін арнайы дайындалған қойылым 1970 жылдардағы Нью-Йорктің атмосферасы мен дыбыссыз кино дәуірінің эстетикасын тоғыстырады. Неоклассикалық бағыттағы спектакльдің либреттосын Валерий Копейкин жазған.
Дыбыссыз кино мен балет қалай тоғысады?
Қоюшы хореограф Кирилл Радевтің айтуынша, жаңа спектакльдің басты ерекшелігі – оқиғаны кинематография заңдылықтарына сүйене отырып, би тілімен жеткізу.
Біз Валериймен бірге қойылымның жоспарын талқылай келе, спектакль кинематография заңдылықтары бойынша өрбиді деген шешімге келдік. Дыбыссыз киноның эстетикасы көп жағдайда балет театрымен үндеседі, өйткені екі салада да басты суреттеу құралы қозғалыс болып табылады. Айырмашылығы – кинода монтаж бен әртүрлі ракурстар (ірі, орташа, жалпы) болса, балетте көрерменнің назарын сахнадағы қозғалыс қарқынымен ұстап тұру қажет. Мен пантомимадан саналы түрде алыстап, қозғалысқа басымдық беремін, өткеннің эстетикасын сол қалпы көшірмей, шартты ым-ишараға қайта оралмай, пантомималық оқиға мен пластиканың жаңа үйлесімін табуға тырысамын. Бұл – авторлық қолтаңбасы бар неоклассика, – деді Кирилл Радев.
Хореограф қойылым атауындағы Чарли есімі көрерменге әйгілі Чарли Чаплинді еске түсіргенімен, спектакль оның өміріне арналмағанын ерекше атап өтті.
Спектакльде Чарли есімді нақты бір кейіпкер жоқ, бұл – көбіне дыбыссыз кино рухы, Чаплинмен аттас жан ғана, бар болғаны осы. Яғни бұл – спектакль рухы, оның көркем негізі, бірақ мұнда Чарли Чаплинмен тікелей байланысты ешнәрсе таба алмайсыз. Ал Ирэн – қарапайым бойжеткен. Нәтижесінде махаббат туралы жарқын әрі көңілді спектакль шықты, – деп түсіндірді қоюшы.
Байлық пен махаббат арасындағы таңдау
Балет-комедияның оқиғасы Нью-Йорктегі Орталық саябақтың көңілді тұрғыны, баспанасыз жүрген ақкөңіл Чарли мен жоғары қоғам өкілі Ирэннің төңірегінде өрбиді.
Екеуінің кездейсоқ таныстығы бірте-бірте шынайы махаббатқа ұласады. Алайда Ирэннің ықпалды әрі ештеңеден тайынбайтын әкесі олардың қарым-қатынасына үзілді-кесілді қарсы болады.
Оқиға күтпеген жерден басқа арнаға бұрылады. Чарлидің өмірінде жолынан адасқан жұмбақ Пошташы пайда болып, оған хат табыстайды. Хатта айтылған күтпеген мұра кешегі кедейді бір сәтте дәулетті адамға айналдырады.
Дегенмен қойылымның негізгі идеясы байлыққа қол жеткізуде емес. Спектакль көрерменді маңызды сауал төңірегінде ойлануға шақырады: Чарли дәулетті адамға айналғаннан кейін де мейірімділігін, мәрттігін және жүрегінің тазалығын сақтап қала ала ма?
Кирилл Радевтің түсіндіруінше, Пошташы бейнесі – өмірдегі өзгерістердің символы, өзіндік метафора.
Спектакльге арналған музыка әлі де жетілдіріліп жатыр
Жаңа балет-комедияның музыкасы арнайы осы қойылым үшін жазылып жатыр. Композитор Алексей Кестнер мен шығармашылық топ спектакльдің музыкалық шешімдерін ұзақ уақыт бойы талқылаған.
Музыка жайлы айтатын болсақ, ол арнайы осы спектакль үшін дайындалуда. Жобаны композитормен ұзақ талқылаған едік, дайындық жұмыстары әлі де жүргізілуде, өйткені біз оны әлі жасаудамыз және аяқталған, кәсіби партитураға қол жеткізу үшін кей тұстарын жетілдірудеміз, – деді хореограф.
1970 жылдардағы Нью-Йорк заманауи сахнада көрініс табады
Қойылымның көркемдік безендірілуіне де ерекше назар аударылған. Спектакльдің сценографтары – Анастасия Капустина мен Наталья Шахматова. Ал костюмдердің дизайнын танымал сәнгер Игорь Чапурин әзірлеген.
Шығармашылық топ 1970 жылдардағы Нью-Йорктің жарқын түстерін, киім үлгілерін және сол кезеңге тән ерекше атмосфераны сақтай отырып, оларды заманауи сахналық шешімдермен ұштастыруды көздейді.
Спектакль жарқын әрі көңілді болады. Сценографтармен бірге спектакльдің айшықты композициясын, яғни суретін ойлап таптық. Бұл өте қызықты шешім болғалы тұр, оның егжей-тегжейін алдын ала ашқым келмейді. Көрнекі шешім заманауи болады, әлбетте біз 70-жылдарға тән айшықты бейнелерді, яғни ашық түстерді, костюмдердің фактурасы мен стилін сақтауға тырысамыз, бірақ оның барлығы бүгінгі заман қолтаңбасымен әрі жаңаша көзқараспен ұсынылады. Біз ол дәуірдегі спектакльді бұл сахнаға тура сол күйінде көшіріп жатқан жоқпыз, оны қайта өңдеп, бүгінгі пайымдауымызға сай көрсетпекпіз. Декорациялар ауқымды көрінгенімен, өте мобильді болады, – деді Кирилл Радев.
«Астана Опера» әртістерінің дайындығы қалай жүріп жатыр?
Қоюшы хореограф елордалық театрдың балет труппасымен жұмыс істеуді әлдеқашан бастап кеткен. Оның айтуынша, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейі мен жұмысқа деген жауапкершілігі қойылымды дайындауға қолайлы жағдай жасап отыр.
Труппаларыңыз керемет, театрда кәсіпқой мамандар еңбек етеді, дирекция да тамаша. Мұнда барлығы өте үйлесімді әрі кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Олармен бірлесіп қызмет істеуден зор ләззат аламын, – деді ол.
Жаңа спектакльдің дайындық барысын театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова жеке бақылауда ұстап отыр.
Кирилл Радевтің сөзінше, көркемдік жетекші шығармашылық ізденіске толық еркіндік берген.
Алтынай Асылмұратованың басты тілегі – спектакльдің қызықты болып шығуы. Қалған барлық мәселеде ол маған толық еркіндік берді. Алтынай Абдуахимовна дайындықтарға қатысып отырды. Меніңше, біздің жасап жатқан жұмысымыз оның көңілінен шығады. Мен өте жайлы жағдайда жұмыс істеудемін, біз бір-бірімізді түсінетін секілдіміз, – деді қоюшы.
Басты рөлдерді кімдер орындайды?
«Чарли мен Ирэн» спектаклінде «Астана Опера» балет труппасының жетекші солистері мен әртістері өнер көрсетеді.
Ақкөңіл әрі мейірімді Чарлидің бейнесін Досхан Зәйдін мен Әлихан Әубәкір сомдайды. Сонымен қатар Әлихан Әубәкір Александр Корниловпен бірге жұмбақ Пошташының рөлінде де сахнаға шығады.
Ал махаббатта әлеуметтік дәрежеден гөрі шынайы сезімді жоғары қоятын Ирэннің партиясын Шұғыла Әдепхан, Камила Шахманова, София Әділханова және Алина Зырянова орындайды.
Полдың рөлін Олжас Тарланов, Айдан Қалжан және Жақсылық Сауқымбеков сомдайды.
Сондай-ақ спектакльге Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Амир Хван және Ахмет Қабкенов қатысады.
«Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы 31 қазан мен 1 қарашада «Астана Опера» театрында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.