Қазақстаннан Ресейге әскери техника мен әскерилер жеткізіледі

Фото: Қорғаныс министрлігі

ЖАҢАЛЫҚТАР
193

Қазақстан аумағынан Ресейге әскери техника мен жеке құрамды тасымалдау жоспарланып отыр. Шара Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының оқу-жаттығуларына байланысты жүзеге асырылады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап. 

24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ресей аумағында  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының “Өзара іс-қимыл – 2026”, “Іздеу – 2026” және “Эшелон – 2026” оқу-жаттығулары өтеді. Осыған байланысты 21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстаннан Ресейдің Челябі облысындағы Мисящ станциясына дейін және кері бағытта әскери техника мен жеке құрам теміржол арқылы тасымалданады. 

Оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлер далалық сабақтарға қатысып, саптық дайындық, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау дағдыларын пысықтайды. 

Іс-шаралар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес ұйымдастырылады.

Айта кетейік, “Өзара іс-қимыл”, “Іздеу” және “Эшелон” оқу-жаттығулары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің аумағында кезекпен тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Осыған байланысты азаматтардан, БАҚ өкілдерінен және әлеуметтік желі қолданушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпау сұралды. Ресми дереккөздер жариялаған мәліметтерге ғана сүйену қажет.