Астаналықтарға электросамокатпен жүрудің жаңа ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz...
Әскери қызметшілердің қазасы: Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту жарияланды
Фото: ЖИ/ MadeniPortal.kz
Маңғыстау облысындағы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза болды.
Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оның себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен құрылған комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді тапсырды.
Сонымен қатар комиссия қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауы керек. Көп ұзамай, марқұмдардың аты-жөні жарияланды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасына көңіл айтты.