Қазақстанның сирек металдары: Тоқаев Кореяға жаңа ынтымақтастық моделін ұсынды

Акорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
84

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореямен сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Мемлекет басшысы екі елдің энергетика саласындағы серіктестігіне де тоқталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент аса маңызды минералдар әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның жер қойнауындағы мол ресурс қоры кореялық инвестициялар мен технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаратын бірлескен өндіріс құруды ұсынды.

«Қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз. Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қазақстандық және кореялық ғалымдардың бірлескен зерттеулері нақты өнеркәсіптік жобаларға негіз бола алады.

Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де көтерді.

Ол Hyundai Engineering компаниясының Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысына қатысып жатқанын атап өтті. Тоқаев бұл жобаны кореялық компаниялардың Қазақстан нарығындағы ұзақмерзімді жұмысына негіз болатын бастама ретінде қарастыратынын жеткізді.

Президент газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетикалық инфрақұрылым және жаңартылатын энергия көздері бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік бар екенін айтты.

«Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір», – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, Қазақстан Кореямен серіктестікті минералдық ресурстарды терең өңдеу, технология алмасу және энергетика саласындағы бірлескен жобалар арқылы кеңейтуді ұсынып отыр.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Семейде екі 13 жастағы сыныптас арасында жанжал шығып, оқушылардың бірі екіншісіне 15 рет пышақ сұққ...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында түнгі уақытта көмек сұрап келген үш баланың...