Салим Айлазов есімді блогер жолда жанармайы бітіп қалып, оқыс жағдайға тап болған кезде, қазақтардың...
Қазақстанның жаңа даму кезеңі: реформадан нәтижеге дейін
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Қазақстан жаңа даму кезеңіне экономикалық өсімнің жаңа көрсеткіштерімен ғана емес, саяси және қоғамдық өзгерістердің тәжірибесімен де қадам басып отыр. Ел алдында ендігі міндет – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп қана қоймай, экономикалық өсімді азаматтардың әл-ауқатына, технологиялық дамуды жаңа бәсекелік артықшылықтарға, ал реформаларды нақты нәтижеге айналдыру.
Жолдау қарсаңында Қазақстанның қазіргі әлеуеті мен алдағы міндеттерін саралау мақсатында медиаменеджер, саясаттанушы Айкерім Есенәліден MadeniPortal.kz редакторы сұхбат алып, әңгіме барысында экономиканың жаңа драйверлері, реформалардың сабақтастығы, азаматтардың әл-ауқаты, өңірлердің дамуы, жастар, жасанды интеллект және мемлекеттік басқарудың тиімділігі секілді негізгі бағыттарды сараптап көрді.
Қазақстанның келесі даму кезеңіндегі мүмкіндіктерін бағалау үшін елдің бүгінгі саяси, экономикалық және адами капиталын қатар қарастыру маңызды. Соңғы жылдардағы өзгерістердің ауқымы елдің даму моделінде жаңа мүмкіндіктердің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан Айкерім ханымға Қазақстанның қазіргі әлеуетіне қатысты мынадай сұрақ қойған болатынбыз:
Қазақстан бүгін жаңа даму кезеңіне қандай әлеуетпен кіріп отыр?
Айкерім Есенәлі: Қазақстан бүгін жаңа даму кезеңіне үлкен саяси, экономикалық және адами әлеуетпен кіріп отыр.
Соңғы бірнеше жылда елімізде тарихи маңызы бар саяси трансформациялар жүзеге асты. Конституциялық реформалар, мемлекеттік институттарды жаңғырту, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі – елдің саяси мәдениетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің көрінісі.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде» деген еді. Мемлекет басшысы қоғамның сана-сезімінде бетбұрыс болып, азаматтардың құқықтық мәдениеті артып, жаңа құндылықтар орнығып келе жатқанын атап өткен.
Бұл жаңғыру біздің тарихи болмысымыздан алшақтау емес. Керісінше, қоғамдық келісім, кеңесу, ел тағдырына ортақ жауапкершілік секілді дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заманның саяси институттарымен ұштастыру.
Экономикалық көрсеткіштерге қарасақ та, еліміздің жаңа кезеңге қадамы айтарлықтай. 2025 жылдың қорытындысында нақты ЖІӨ өсімі 6,5 пайызды құрап, экономика көлемі 306 миллиард доллардан асты. Көлік және қоймалау саласы 19,4 пайызға, құрылыс 17,5 пайызға, өнеркәсіп 7,7 пайызға, ақпарат және байланыс саласы 6,4 пайызға өсті.
Қазақстан экономикасының жаңа драйверлері қалыптасып келеді. Бұрын экономикалық әлеуетті айтқанда бірінші кезекте табиғи ресурстарды атасақ, қазір оған логистика, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық экономика, технологиялық кәсіпкерлік және адами капитал қосылды.
Мысалы, 2020 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 33,5 миллион доллар болса, 2025 жылы 1,142 миллиард долларға жетті. Бес жылда шамамен 34 есе өсті. Қазақстандық IT-шешімдер бүгінде 110-нан астам елге экспортталады.
Сайып келгенде, Қазақстанның бүгінгі әлеуетін мен үш үлкен капиталдың тоғысуынан көремін: жаңарған саяси институттар, әртараптанып келе жатқан экономика және жаңа технологияларды тез қабылдайтын қоғам. Ал тарихи болмысымыз бен ұлттық бірегейлігіміз осы өзгерістердің іргетасы болып қала береді.
Қазіргі мүмкіндіктерді бағалаумен қатар, олардың тұрақты нәтижеге айналуы үшін реформалардың қай бағытын күшейту керектігі де маңызды. Әсіресе экономикадағы өнімділік, нақты сектор, ғылым мен инновация арасындағы байланысты нығайту мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Осы тұрғыдан Айкерім ханымға реформалардың келесі кезеңіне қатысты осындай сұрақ қойған болатынбыз:
Соңғы жылдардағы реформалардың қай бағытын одан әрі күшейту маңызды деп есептейсіз?
Айкерім Есенәлі: Реформалардың келесі кезеңінде экономиканың өнімділігін арттыруға және нақты секторды күшейтуге баса назар аудару қажет.
Реформаларды бағалаудың маңызды өлшемі – бұрын қабылданған шешімдердің нақты нәтижесін саралап, нәтиже көрсеткен бағыттарға ресурсты одан әрі шоғырландыру. Осы тұрғыдан өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнес, инвестиция мен экспорт, еңбек өнімділігі, ғылым мен инновация және технологиялық кәсіпкерлікті бөліп қарар едім.
Әсіресе ғылымның экономикамен байланысын күшейту маңызды. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру жеке бағыт ретінде дамып келеді. Ресми дерек бойынша, осы бағытта өткізілген алты конкурс аясындағы жобалар 39,3 млрд теңге көлемінде сатылым қамтамасыз етіп, 14,5 млрд теңге жеке инвестиция тартқан. Бюджетке 9 млрд теңге салық түсіп, шамамен 2 мың жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар сегіз жоба экспорттық нарыққа шыққан.
Ендігі міндет – бұл процесті жекелеген ғылыми жобалар деңгейінде қалдырмай, «ғылым – технология – өндіріс – экспорт» деген толық экономикалық тізбекке айналдыру.
Жоғары білім беру жүйесінің трансформациясы да үлкен мүмкіндік береді. Әлемнің жетекші университеттерімен серіктестік пен шетелдік жоғары оқу орындарының бағдарламаларын Қазақстанға әкелудің білім берумен қатар экономикалық маңызы бар. Ғалымның зерттеуі патентке, технологияға, өндіріске, түптеп келгенде нарықтық өнімге айналуы қажет.
IT саласында мұндай модельдің жұмыс істей алатынын көріп отырмыз. 2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жетті, цифрлық шешімдер 110-нан астам елге экспортталады. Astana Hub экожүйесінде шетелге өнім сататын 537 компания бар және 32,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Бұл нақты мысалдар жан-жақты дамуға бағыт ретінде қарастырылуы керек деп санаймын.
Экономиканың өсуі макроэкономикалық статистикада ғана қалмай, халықтың күнделікті тұрмысынан көрінуі – кез келген экономикалық саясаттың түпкі өлшемі. Бұл ретте табыс, еңбек өнімділігі, сатып алу қабілеті және қаржылық сауаттылық мәселелері өзара тығыз байланысты. Осы тұрғыдан Айкерім ханым экономикалық өсімнің нәтижесін қарапайым азамат күнделікті өмірінде сезінуі үшін қандай өзгерістер қажет екенін түсіндіріп өтті.
Айкерім Есенәлі: Экономикалық өсімнің ең басты өлшемі – оның статистикада және, әрине, адамның күнделікті өмірінде сезілуі. Азамат үшін ЖІӨ көлемінен бұрын өзінің табысы, сатып алу қабілеті, тұрақты жұмысы, қолжетімді баспанасы, сапалы білім мен медицина маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселені нақты тұжырымдады: «ЖІӨ өсімінің пайыздары азаматтарымыздың нақты табысынан көрінуі керек». Экономикалық саясаттың нәтижелілігін бағалайтын ең түсінікті өлшем де – осы.
Ол үшін ең алдымен еңбек өнімділігін арттыру процесін жалғастыру маңызды. Мәселе жұмыс орындарының санында ғана емес, жоғары өнімді әрі жоғары табыс әкелетін жұмыс орындарының сапасында. Өнімділік өскен жерде еңбекақыны және азаматтың табысын тұрақты арттыруға экономикалық негіз қалыптасады.
Тағы бір маңызды мәселе – қаржылық сауаттылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та «Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті» екенін атап өтті. Өйткені табыстың өсуі автоматты түрде әл-ауқаттың өсуіне алып келмейді. Азамат өз қаржысын басқара алуы, жинақ қалыптастыруы, несие мен инвестицияның айырмашылығын түсіну деңгейін арттыра білуі керек. Мемлекет тарапынан да шамадан тыс қарыздануды шектеу мен жауапты несие беру тетіктері жалғаса береді деп ойлаймын.
Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі үш факторға нелерді жатқызар едіңіз?
Айкерім Есенәлі: Адами капитал мен білім, технология мен инновация, экономиканың әртараптануы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында: «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ» деп атап өтті.
Бірінші фактор – адами капитал мен білім. XXI ғасырдағы бәсекелестік ең алдымен білімді, кәсіби, шығармашылық ойлайтын адамдар үшін жүріп жатыр. Қазақстанда халықаралық жоғары білім беру серіктестігі кеңейіп келеді: елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, 2026 жылы тағы 7 филиал ашу жоспарланған, ал жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда.
Екінші фактор – технология, ғылым және инновация. Бәсекеге қабілетті мемлекет жаңа технологияны тек тұтынумен шектелмей, өзі де технологиялық және интеллектуалдық өнім жасай алуы керек. Қазақстанның IT-қызметтер экспортының миллиард доллардан асуы мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жобалары осы бағыттың әлеуетін көрсетеді.
Үшінші фактор – экономиканың әртараптылығы. Өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, көлік пен логистика, IT, қаржы, креативті индустриялар, туризм, шағын және орта бизнес қатар дамығанда экономиканың сыртқы күйзелістерге төзімі артады.
Бұл үш факторды біріктіретін құндылықтар бар. Адами капиталдың тамырында диплом немесе технологияны меңгеру ғана емес, білімді, жауапкершілігі жоғары, тарихи санасы қалыптасқан, мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін сақтай отырып әлеммен бәсекелесе алатын азаматтың ниеті болуы керек.
Өңірлердің дамуына жаңа серпін беру үшін мемлекет қандай мәселелерге басымдық беруі тиіс?
Айкерім Есенәлі: Өңірлердің дамуы туралы сөз бастасақ, әр аймақтың өзінің экономикалық, географиялық және тарихи ерекшелігіне сүйену қажет деп ойлаймын.
Бүгінде мұндай маманданудың әлеуетін әртүрлі өңірлерден көруге болады. Қарағанды облысы – негізгі индустриялық орталықтардың бірі. 2025 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісі шамамен 5 триллион теңгеге жетіп, оның 3,8 триллион теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды.
Ұлытау облысында тарихи мұраны өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы және заманауи туристік экономикамен байланыстыруға мүмкіндік бар. 2026 жылдың жеті айында негізгі капиталға салынған инвестиция 223 миллиард теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есеге артты.
Маңғыстауда Бозжыра, Каспий жағалауы, жерасты мешіттері мен бірегей ландшафт халықаралық аудиторияға таныла бастады. 2025 жылы өңірге шамамен жарты миллион турист келді. Мұнда креативті индустрия өкілдерінің, фотографтардың, режиссерлердің, блогерлер мен жаңа медианың да үлесі бар.
Шығыс Қазақстандағы Катонқарағайдың экологиялық және сауықтыру туризмі, Түркістан өңірінің тарихи туризмі, Мақтааралдың аграрлық әлеуеті – әрқайсысы бөлек экономикалық модель. Сондықтан барлық өңірді бір үлгімен дамытуға тырысудың қажеті жоқ.
Меніңше, өңірлік дамудың жаңа философиясы «әр өңірге – өзінің экономикалық мамандануы және бірнеше өсу нүктесі» қағидатына негізделуі керек. Оған білім мен ғылымды да қосу маңызды. Өңірлерде мықты университеттер, зерттеу орталықтары, кәсіпорындар мен жергілікті бизнес бір экожүйеде жұмыс істесе, жастар үшін де жаңа мүмкіндік пайда болады.
Сонда аймақтар республикалық бюджеттен қаржы алатын әкімшілік аумақ ретінде ғана емес, елге өнім, инвестиция, жұмыс орны, турист, технология және қосылған құн әкелетін экономикалық орталықтарға айналады.
Жастардың сапалы білім алып, ел ішінде кәсіби тұрғыда өсуіне қандай жағдайлар қажет?
Айкерім Есенәлі: Бұл мемлекеттік стратегияның негізгі фокусы деп түсінемін. «Білім – тәжірибе – алғашқы жұмыс – кәсіби өсу» деген тұтас экожүйе қалыптасуы керек. Жастар сапалы білім алып, сол білімін Қазақстанда практикада жүзеге асырып, өзінің кәсіби перспективасын көре алғаны маңызды.
Бұл бағытта мүмкіндіктер кеңейіп келеді. 2025–2026 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында әлемнің 88 мемлекетінен 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алды. Бұл алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 11 пайызға көп.
Бірақ жастар саясатын тек білім беру жүйесінің шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Бүгін жас адамның дүниетанымына, кәсіби таңдауына digital media үлкен ықпал етеді. Инфлюенсерлер, креаторлар, кәсіпкерлер, стартаперлер, ғалымдар, IT-мамандар, спортшылар мен мәдениет өкілдері – жаңа буынның қоғамдық пікір көшбасшылары.
Сондықтан жастарға тек «қандай мамандық таңда?» деп айту аз. Оларға Қазақстанда қандай мүмкіндік бар және білім мен еңбектің арқасында қандай деңгейге жетуге болатынын нақты үлгілер арқылы көрсетуіміз керек.
Қазіргі еңбек нарығы дипломнан бөлек шет тілдерін, цифрлық сауаттылықты, жасанды интеллектпен жұмыс істеуді, коммуникацияны, сыни ойлауды және үнемі жаңа білім алуға дайын болуды талап етеді.
Жастардың еңбек нарығындағы көрсеткіштерінде де оң динамика бар. 2025 жылдың соңында 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 3,1 пайызды, ал NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8 пайызды құрады.
Мен тағы бір позитивті тенденцияны байқаймын: жастарға интеллектуалдық орта қолжетімді болған сайын олардың қызығушылығы да өзгереді. Ғалым, инженер, IT-маман, стартапер немесе креативті кәсіпкер жаңа заманның табысты тұлғасына айналып келеді. Қоғамда кімдерді үлгі ретінде көрсетсек, келесі буынның кәсіби амбициясы да соған қарай қалыптасады.
Талантты жас әлемнің кез келген жерінде білім алып, тәжірибе жинай алады. Бірақ ол өз елінде де үлкен идеяны жүзеге асырып, халықаралық деңгейде табысқа жете алатынын білуі керек.
Жаңа технологиялар экономиканың ғана емес, білім беру мен мемлекеттік басқарудың да сипатын өзгертіп жатыр. Сондықтан жасанды интеллектіні енгізу мәселесі технологияны сатып алумен шектелмей, қоғамның жаңа технологиялық сауаттылығын қалыптастырумен қатар жүруі керек. Осы орайда Айкерім ханымға жасанды интеллектіні дамытудағы басым бағыттар туралы «Жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізуде Қазақстан қай бағыттарға ерекше назар аударуы керек?» - деген сұрақ қойған болатынбыз:
Айкерім Есенәлі: Бүгінгі таңда елімізде жасанды интеллектіні дамыту үшін жақсы технологиялық база қалыптасып келеді. Ендігі міндет – AI-ды тек IT-мамандардың құралы емес, қоғамның күнделікті өмірінде қолданылатын жаңа технологиялық сауаттылық деңгейіне дейін дамыту.
Қазақстанда 100-ден астам AI-стартап жұмыс істейді. 2023–2025 жылдары жасанды интеллект жобаларына салынған венчурлық инвестиция шамамен 14 миллион доллардан 73 миллион долларға дейін, яғни бес еседен астам өсті.
Ең үлкен фокус білім беру жүйесінде. Жасанды интеллект негіздерін мектептен бастап үйретіп, университетте оны IT-мамандықтарында, экономикада, медицинада, журналистикада, инженерияда, ғылымда және мемлекеттік басқаруда қолдануды меңгерте білу маңызды.
AI-Sana бағдарламасының алғашқы кезеңінде студенттер базалық AI-құзыреттері бойынша 697 мыңнан астам сертификат алды, ал келесі кезеңде 90 мыңға жуық студент AI-кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде. 2026 жылы Президент Жарлығымен жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне кеңінен енгізу бойынша 2026–2029 жылдарға арналған кешенді шаралар белгіленді.
Бұл жерде психологиялық фактор да маңызды. Технология өте жылдам өзгерген сайын адамдарда «мен бұған ілесе алмай қаламын» деген қорқыныш болуы мүмкін. Технология тенденцияларын үнемі үйренуге дайын қоғам қалыптасуы жалғаса берсе, көздегенге қол жетеді деп сенемін.
Мемлекеттік басқаруда тиімділік пен нәтижелілікті арттыру үшін қандай өзгерістер маңызды?
Айкерім Есенәлі: Саясаттанушы маман, медиаменеджер ретінде жиі тарихи және халықаралық аналитика жүргізіп отырамын. Айтарым: мемлекеттік басқарудағы тиімділіктің негізгі өлшемі – процесс емес, нәтиже болуы керек.
Соңғы бес жылда мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі трансформация жүрді. Саяси реформалар, мемлекеттік институттардың жаңғыруы, азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың сипатын өзгертті.
Қоғамның саяси мәдениеті мен белсенділігі өскен сайын мемлекеттік аппараттың ашықтығы, жеделдігі, есептілігі және шешімдерінің нәтижелілігіне деген сұраныс та артады. Мемлекеттік органның жұмысы өткізілген жиын немесе дайындалған құжат санымен қатар, қабылданған шешімнің азаматтың өміріне және экономикаға әкелген нақты өзгерісімен өлшенуі қажет.
Бірінші бағыт – деректерге негізделген мемлекеттік басқару. Big Data, жасанды интеллект және цифрлық платформалар арқылы мәселенің салдарын ғана емес, оның пайда болу тенденциясын алдын ала анықтайтын проактивті басқару моделіне көшу маңызды.
Екіншісі – жауапкершілік пен нәтижелілік. Әр мемлекеттік бағдарламаның және оған бөлінген ресурстың өлшенетін нәтижесі болуы керек. Бұл «тапсырманы орындау» мәдениетінен «нәтижеге қол жеткізу» мәдениетіне көшуді күшейтеді.
Үшіншісі – бюрократиялық процестерді қысқарту. Болашақта азамат мемлекетке анықтама немесе қызмет іздеп бармайтын, керісінше мемлекет оның қажеттілігін алдын ала анықтап, тиісті қызметті өзі ұсынатын проактивті модельді кеңейту қажет.
Бірақ тиімділік тек технологиямен өлшенбейді. Сапалы мемлекеттік коммуникация – басқарудың өзінің бір бөлігі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ қоюшы мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың маңызын атап өтті.
Бұл тақырып маған кәсіби тұрғыдан да жақын. Кәсіби зерттеу үнемі жүріп отырады. Қазіргі digital media қоғамның сұранысы мен реакциясын өте қысқа уақытта көруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге дұрыс қабылданған шешімнің өзін қоғамға дұрыс түсіндіре білу маңызды. Сондықтан коммуникацияны шешімнің соңындағы PR-құрал емес, мемлекеттік саясатты әзірлеу мен жүзеге асыру процесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырған дұрыс.
Мен үшін тиімді мемлекеттік басқарудың формуласы – нақты дерек, өлшенетін нәтиже, жауапкершілік, технология және қоғаммен тұрақты кері байланыс.
Қазақстан алдағы бірнеше жылда қандай нақты нәтижелерге қол жеткізе алады деп ойлайсыз?
Айкерім Есенәлі: Қазақстанның алдағы мүмкіндіктерін бағалау үшін бір жылдың көрсеткішіне емес, соңғы бірнеше жылдағы реформалардың логикасына назар аударайық.
2019 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауларын ретімен қарасақ, олардың арасында стратегиялық сабақтастық бар. 2019 жылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұсынылды.
2020–2021 жылдары экономиканы әртараптандыру, технологиялық өндіріс, еңбек өнімділігі, цифрландыру және адами капитал мәселелері алдыңғы қатарға шықты. 2022 жылғы реформалар саяси жүйені терең жаңғыртуға бағытталды. 2023 жылғы Жолдауда бұл бағыт «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» ретінде жалғасып, жаңа экономикалық модель құру мәселесі көтерілді. 2024 жылы заң мен тәртіп, экономикалық өсім және қоғамдық оптимизм бір стратегиялық формулаға біріктірілді. Кейін жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялық индустриялар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының біріне айналды.
Сондықтан алдағы бірнеше жылда бірнеше нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Біріншісі – экономиканың көлемімен қатар сапасының өзгеруі. 2025 жылы нақты ЖІӨ 6,5 пайызға өсіп, экономика көлемі 306 миллиард доллардан асты. Көлік және қоймалау 19,4 пайызға, құрылыс 17,5 пайызға, өнеркәсіп 7,7 пайызға, ақпарат және байланыс 6,4 пайызға өсті. Осы динамика сақталса, өңдеу өнеркәсібі, логистика, IT, агроөнеркәсіп, ғылымға негізделген өндіріс және креативті экономика жаңа тұрақты өсу драйверлеріне айнала алады.
Екіншісі – Қазақстанның аймақтағы технологиялық және интеллектуалдық орталық рөлінің күшеюі. IT-қызметтер экспортының бес жылда 33,5 миллион доллардан 1,142 миллиард долларға дейін өсуі мұндай мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді. Ғылым, университет, стартап, инвестиция және экспорт арасындағы байланысты күшейтсек, Қазақстан интеллектуалдық өнім экспорттайтын экономика ретінде де орныға алады.
Үшіншісі – өңірлердің экономикалық мамандануының күшеюі. 2025 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімі 13 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 11,6 пайызға, Астанада 10,2 пайызға өсті. Бұл экономикалық белсенділіктің дәстүрлі ірі орталықтармен ғана шектелмеуіне мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Төртіншісі және ең маңыздысы – экономикалық өсімді адамның өмір сапасына айналдыру. Реформалардың түпкі нәтижесі ЖІӨ көлемімен ғана емес, азаматтың нақты табысымен, сапалы жұмыс орнымен, білім мен медицинаға қолжетімділігімен, қауіпсіз ортамен және өзінің болашағына деген сенімімен өлшенуі керек.
Егер стратегиялық сабақтастық сақталып, реформалардың орындалу сапасына ерекше мән берілсе, келесі кезеңнің басты нәтижесі жаңа реформалардың саны емес, бұрын басталған өзгерістердің нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижеге айналуы болуы керек.
Мен үшін Қазақстанның алдағы бірнеше жылдағы негізгі мақсаты да осы: саяси жаңғыруды – тиімді институттарға, экономикалық өсімді – азаматтың әл-ауқатына, ал технологиялық дамуды – елдің жаңа бәсекелік артықшылығына айналдыру.
Сұхбаттың соңында әңгіме экономикалық көрсеткіштер мен реформалардың жекелеген бағыттарынан кеңірек мәселеге – Қазақстанның дамуындағы тарихи сабақтастық пен қоғамның өзгерісіне ұласты. Саясаттанушының пікірінше, мемлекеттің алдағы жетістігі институционалдық өзгерістермен қатар азаматтардың бірлігіне, білімге, еңбекке және жаңа жағдайларға бейімделу қабілетіне байланысты.
Айкерім Есенәлі: Қазақта «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген сөз бар. Бұл – ғасырлар бойы мемлекеттілік дәстүрін қалыптастырған халқымыздың терең саяси мәдениетін көрсететін қағида деп ойлаймын. Ұлытауда, Жошы хан кесенесінің маңында өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы сөзге арнайы тоқталып, ел тағдырын кеңесіп шешу дәстүрінің тарихи сабақтастығын атап өткен еді.
Меніңше, бүгінгі Қазақстандағы өзгерістердің мәнін де осы сабақтастықтан көруге болады. Бір жағынан – терең тарихы, ұлттық болмысы мен мемлекеттілік дәстүрі бар қоғам, екінші жағынан – технологияны, білімді, жаңа экономикалық модельдерді және заманауи саяси институттарды қабылдап жатқан жаңа Қазақстан.
Соңғы жылдары экономикалық көрсеткіштермен қатар қоғамның өзі де өзгеріп келеді. Азаматтардың саяси белсенділігі артып, қоғамдық диалогтың сапасы өзгеріп, жастардың білімге, технологияға, ғылымға және кәсіпкерлікке қызығушылығы артуда.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Еліміздің басты қуаты, яғни стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында» деген сөзі бар.
Меніңше, осы бірлік пен жасампаздық, оған қоса білім, еңбек, жауапкершілік және өзгеріске ашықтық – Қазақстанның алдағы дамуының ең берік негізі.
Тарихымыз бізге мемлекеттіліктің тамырын берді. Бүгінгі реформалар оның заманауи институттарын қалыптастырып жатыр. Ал оның әрі қарайғы сапасы – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ жауапкершілігі.
Сондықтан бүгінгі Қазақстанға қарағанда мен үшін ең маңызды сезім – өзгерістің бар екенін көру және сол өзгерістің өз елімде болып жатқанына мақтанышпен қарау.
Қазақстанның келесі даму кезеңіндегі басты міндет – жаңа бағыттарды үздіксіз жариялау емес, қолға алынған реформалар мен бастамалардың нақты нәтижесін азаматтардың өмірінен көрсету. Бұл үшін экономиканың өнімділігін арттыру, адами капиталды күшейту және технологиялық жаңғыруды жеделдету қатар жүруі керек. Ең маңыздысы – экономикалық өсімнің сапасын арттырып, оны өңірлердегі жаңа жұмыс орындарына, бизнестің мүмкіндіктеріне және халықтың әл-ауқатына айналдыру. Ал бұл мақсатқа жету мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі мен жүйелі жұмысына байланысты.