Павлодар қаласындағы бір мектепте сынып жетекшісіне шабуыл жасады деген айыппен аты шыққан тоғызыншы...
ҚазҰУ-да студент қыз қаза тапты: министр Саясат Нұрбек мәлімдеме жасады
ашық дереккөз
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенті қаза тапты. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек марқұмның отбасына көрсетілген көмек пен жүргізіліп жатқан тергеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды MadenipPortal.kz.
11 қарашада Құрылтайда өткен брифинг барысында журналистер министрден ҚазҰУ аумағында болған қайғылы оқиға туралы сұрады.
Саясат Нұрбектің айтуынша, университет басшылығы марқұмның жақындарымен бірден байланысқа шығып, қажетті қаржылық көмекті көрсеткен.
«Біз бірден қамқоршыларымен байланысқа шықтық. Университет барлық шығынды өз мойнына алды. Барлық қаражатты, төлемдерді де өтедік. Қандай да бір көмек қажет болса, әкесімен де, қамқоршыларымен де тікелей байланыстамыз», – деді министр.
Ведомство басшысы отбасы тарапынан қажетті көмекке қатысты өтініштер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар министр тергеу аяқталмайынша оқиғаның мән-жайына қатысты ақпаратты жариялауға болмайтынын атап өтті.
«Бізден талап етілген барлық әрекетті орындадық. Сотқа дейін тергеу органдарының әрекеті туралы ақпарат жарияланбауы керек», – деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін БАҚ-та тараған мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке ҚазҰУ қалашығында болған. Қаза тапқан қыз бірінші курста оқыған және Алматыға Шымкенттен келген.
Алматы полициясы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеушілер студенттің қаза табу жағдайын анықтап жатыр.
Әзірге өлімнің нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу жалғасуда.