Астанада республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ....
ҚазҰУ студенттері туралы жеке ақпарат тағы да желіге тарап кетті
Ашық дереккөз
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да деректердің сыртқа таралуы орын алды. Ашық қолжетімділікке студенттердің аурулары туралы құжаттар, тәртіп бұзушылықтары, олардың аты-жөндері мен факультет атаулары шығып кеткен, деп хабарлады MadeniPortal.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Тәртіп бұзушылықтар тізімі мен медициналық анықтамалар университеттің оқу чаттарында және әлеуметтік желілерде пайда болған. Оларды кім және қандай мақсатпен таратқаны белгісіз. Университетте болған жағдай туралы ҚазҰУ ректораты әлеуметтік желілерден білген. Жабық ақпараттың чаттарға қалай түскенін олар түсіндіре алмай отыр. Айтуларынша, мұндай деректерді әкімшілік күнделікті бақылау аясында жинайды. Алайда олар қатаң құпия болып табылады және есептерден тыс таралмауы тиіс.
«Бізде ситуациялық басқару қызметі тәулік бойы үздіксіз мониторинг жүргізеді, соның ішінде жедел жәрдем шақырулар да қамтылады. Студенттер арасындағы құқықбұзушылықтар да болуы мүмкін. Біз мұның бәрін мониторингтік ақпарат ретінде аламыз. Бұл – жабық ақпарат, тек шектеулі адамдар тобына арналған, сол арқылы қандай да бір жағдайға жедел әрі тиісті әрекет ету үшін», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Дүйсенов.
Әкімшілік мәліметінше, студенттердің деректеріне тек ситуациялық басқару қызметінің қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар студенттерге медициналық көмек көрсететін дәрігерлер де қол жеткізе алады.
Алматы прокуратурасы студенттердің жеке және медициналық деректерінің таралу фактісі бойынша тексеру бастады. Тексеру барысында деректердің сақталуына жауапты тұлғалардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы тұрғысынан құқықтық баға берілетін болады.