2017 жылы Қытайда өткен I am a Singer байқауы Димаш Құдайбергеннің өмірін түбегейлі өзгертті. Әнші д...
Қойшығара Салғараұлы М.Сейсембай мен М.Тайжанды бітімге шақырды
Қазақтың байырғы әдет-ғұрпындағы ақсақал институтының жоғала бастағанын бүгінде айтып жүргендер аз емес. Күні кеше белгілі кәсіпкер М.Сейсембай мен қоғам белсендісі М.Тайжан желіде «жүз шайысып» қалған-ды.
Міне, қазақтың белгілі жазушысы Қойшығара Салғараұлы екі азаматқа арнап пост жазып, бітімге шақырды. Ақсақал сөзін қаз-қалпында ұсындық.
Марғұлан! Мұхтар!
Дау-дамайы көп мынау даңғаза тірлікте елім "деп" айтар есті сөзі бар, үлгі етер тындырымды ісі бар өздеріңдей азаматтардың барлығын көңілге медеу тұтып, сырттай тілектеріңді тілеп жүрген қазақтың ізгі ниетті қарттарының бірі едім. Бүгін сендердің өзара келісе алмай қалып, ішкі кірбіңді сыртқа шығарып, жүз шайысып жатқандарыңды балалардан естіп, өзімді мынау әлемді сансыратып жатқан тәждітажалдың құрығына іліккендей қолайсыз күй кешіп, күйзеліп отырмын.
Сендер мені білмейсіңдер, өйткені өмірде кездескен, сәлемдескен емеспіз. Екеуің де менің баламнан кішісіңдер. Жас жағынан әкелеріңмен қатармын, бәлкім бірер жас үлкен де болуым мүмкін. Сен екеуіңді және Ахметбек Нұрсиланы (өзін көрмесем де) сырттай өзімнің рухани балаларым деп меншіктеп, мынау күрмеуі күрделі қарбалас тірлікте сүрінбей, сөзімен де, ісімен де қазақ жастарына осылай үлгі-өнеге көрсетіп жүре берсе екен деп тілеулеріңді тілеп отырамын. Уақытымның тапшылығына қарамай, мүмкіндігім келгенше видеоларыңды қарап, білімді де білікті азаматқа тән сөздеріңді естіп, мәртебем өскендей мерейленіп жүруші едім. Мыналарың маған үлкен соққы болды. Кәдімгідей абдырап қалдым.
Өмір ғой. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген бар. Бірақ бұл "ердің шекісуі" ел алдында бір-бірінің беделін түсіріп, жүз жыртысу емес, бетпе-бет кездесіп, ашық сөйлесіп, арылу, түсінісу. Әрі кеткенде жан жараламай, еркектік есерлікке ерік беріп, тән ауырту.
Ашудан жеңілген ақылда айбар болмайды. Мұхамед пайғамбарымыз: "Кім де кім өзінің дұрыстығын, жеңетінін нақты біліп тұрып даудан қалыс қалса, мен соған Жаннаттың шетінен Сарай алуына кепілдік берем" депті ғой. Ашуды ақылға жеңдіріңдер. Тіршіліктің мәні таласып, тартысып, жеңіске жету емес, тіл табысып, жарасып жарқын ғұмыр кешуде екенін өздерің де жақсы білесіңдер ғой. Жасы үлкендерің ағалық танытыңдар, жасы кішілерің өздеріңнің де ертең аға болатынындарыңды ұмытпаңдар. Елдің қандай жағдайда екенін жандүниелеріңмен сезініп, соған жүрек ауыртып жүрсеңдер, сол елдерің сендерге үмітпен қарап отыр. Сендер жұрт алдына шығып, жамандардай жаға жыртыссаңдар, былайғылар не істемек?!. Әлі де кеш емес, ойласыңдар!
Шынайы тілектестікпен, Қойшығара.