Қостанайдағы интернатта 14 жастағы бала көз жұмды

Ашвқ дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
25

Қостанай қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы тәрбиеленуші көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бұл туралы Orda.kz жазды.

Бұл туралы Құқық қорғау орталығына мекеме қызметкерлері хабарлаған.

Олардың айтуынша, қайғылы оқиға 28 шілде күні күндізгі ұйқы кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Қызметкерлер оның жағдайына орталықтағы аптап ыстық пен бөлмелердің қапырық болуы әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен өлімнің нақты себебі медициналық сараптама қорытындысынан кейін ғана белгілі болады.

Құқық қорғау орталығының мәліметінше, редакцияға мекеме қызметкерлерінің жұмыс чатынан аудиохабарламалар жолданған. Онда тәрбиешілер балалар жатқан бөлмелерге кондиционер орнатуды ұзақ уақыт бойы сұрағандарын айтқан. Алайда олардың өтініштері орындалмаған.

Сонымен бірге қызметкерлер әкімшілік-басқару қызметкерлері отырған кабинеттерге кондиционер орнатылғанын айтып, бұған наразылық білдірген.

«Егер бұл ақпарат расталса, неге алдымен әкімшілікке жайлы жағдай жасалып, ерекше күтімді қажет ететін балалардың қауіпсіздігі екінші кезекке қалғаны туралы заңды сұрақ туындайды» деп жазылған Құқық қорғау орталығының мәлімдемесінде.

Орталық бұл оқиға бойынша жан-жақты тексеру жүргізуді талап етті. Атап айтқанда, бөлмелердегі температура мен желдету жүйесінің жағдайын, климаттық жабдықтардың болуын, балаға медициналық көмектің уақытылы көрсетілген-көрсетілмегенін, сондай-ақ мекеме басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

 Қостанай облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты тексеру басталғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процестік шешім қабылданады», деп мәлімдеді полиция. 

Әзірге баланың өліміне не себеп болғаны ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбеде «Нұр Ғасыр» мешітінің 38 жастағы қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Ол...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде сынның астында қалған «Сүй иә» әніне қатысты алға...