ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева XVII Еуразиялық медиа форумда кибербуллингге қар...
Қызылордада Кете Жүсіпке арналған жыраулар байқауы өтті
Қызылордада Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты республикалық жыршы-жыраулар байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Аталған байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында болып өтті. Байқаудың ашылу рәсімінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, додаға қатысушы жыршыларға сәттілік тіледі.
«Біздің аймақты өзгелер «Сыр елі - жыр елі» деп атайды. Қасиетті өлкеміз талай тума таланттың бесігі болды. Көптеген дауылпаз сүлейлер шықты. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәстүрдің мектебін Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғанд қалыптастырды. Бүгінгі республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауы Арқа мен Батыстың, Жетісу мен Сырдың дарындарын тоғыстырып, Сыр жерінде жырдың жалауын желбіреткен күн десек қателеспейміз», - деді облыс әкімі.
Жыр додасында белгілі жырау Алмас Алматов төрелік жасады. Сондай қазылар құрамында белгілі жырау Эльмира Жаңабергенова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Ұлжан Байбосынова, қоғам қайраткері, өнер жанашыры Рзақұл Нұртаев, жыршы-жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Майра Сәрсенбаева қазылық етті.
Байқауға барлығы 13 жыр жүйрігі қатысты. Өнер иелері даңқты өнер иесі Кете Жүсіп Ешниязұлының мол мұрасын ұлықтады. Жыр додасына ақтөбелік Демеубай Жолымбетов, маңғыстаулық Амангелді Сәңкібаев, павлодарлық Бөкен Жігер, Алматы қаласынан Бақыт Тоғжанова, қызылордаықтар Әділхан Қуаңбаев, Болат Баймұратов, Серік Жақсығұлов, Жақсан Жәнібек, Малика Алдамжарова қатысуты. Сондай-ақ, Арал ауданынан Айбек Тәңірбергенов пен Бексұлтан Орынбасар, Шиеліден Мұхамедәлі Бекпейісов және Қармақшыдан Әлішер Мырзағалиев көрерменге ұлық өнерді тағы бір дәріптеді.
Салтанатты шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жыр додасының жеңімпаздарын құттықтап, жауһар өнерді дәріптейтін байқаудың Сыр елінде бастау алуы рухани сабақтастықты жалғап отырғанын жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде аралдық жыршы-жырау Айбек Тәңірбергеновке табысталды. Бас жүлде иегерін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет марапаттады.
Байқауда бірінші орынға қызылордалық Серік Жақсығұлов ие болды. Ал ақтөбелік Демеубай Жолымбетов екінші орын алса,, павлодарлық Бөкен Жігер, Қызылорда қаласынан Жақсан Жәнібек және Арал ауданынан Бексұлтан Орынбасар үздікті үштікті өзара бөлісті.
Ал, қалған 7 қатысушыға ынталандыру сыйлығы бұйырды. Айта кету керек, бас жүлде иесіне 500 мың. теңге табысталды. Ал, бірінші орынға 300 мың, еікнші орынға 200 мың және үшінші орын иелеріне 100 мың теңгеден берілді.