Астанада қоғамдық орындарда роботтандырылған патрульдік кешен қолданылып жатыр. Робот-ит көлік инфра...
«Ренжіп қалмасын деп сыйлық бере алмаймыз»: Ерлан Қарин Абай сыйлығына қатысты дауға жауап берді
әлеуметтік желі
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин 2026 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың не себепті ешкімге берілмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, комиссия мүшелері ұсынылған туындылардың ешқайсысын басым дауыспен қолдамаған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Аталған комиссияның төрағасы Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында мемлекеттік сыйлық белгілі тұлғаның атақ-абыройына немесе еңбегіне емес, нақты шығармасына берілуі тиіс екенін атап өтті.
«Конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деп жазды ол.
Қариннің сөзінше, байқауға ұсынылған барлық шығарма дауысқа салынған. Алайда бірде-бір туынды комиссия мүшелерінің айқын басым қолдауына ие болмаған. Керісінше, қарсы дауыс бергендер мен қалыс қалғандар басым түскен. Мұндай жағдайдың бұрын да болғанын еске салды. Мәселен, 2023 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстар болмағандықтан берілмеген.
Сонымен қатар Ерлан Қарин Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібіне ауқымды өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.
«Мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес», – деді ол.
Қариннің мәліметінше, 2000 жылдардан бері бұл сыйлық 60-қа жуық шығармашылық өкіліне табысталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен лауреаттарға берілетін ақшалай сыйақы да ұлғайтылған.
Ол сыйлықтың беделі мен қаржылай қолдауы артқан сайын оған ұсынылатын шығармалардың сапасына қойылатын талап та жоғары болуы керектігін жеткізді. Алдағы уақытта мемлекеттік сыйлықтың ережесі мен іріктеу тәртібін қайта қарау жоспарланып отыр.