Сіз мені де шабыттандырдыңыз»: Димаш Селин Дионға үндеу жасады

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
128

Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген әлемге әйгілі канадалық әнші Селин Дионға арнайы видеоүндеу жасап, оның сахнаға қайта оралуына байланысты жүрекжарды лебізін білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Димаш әйгілі әншіні қайта сахнадан көріп, дауысын естігеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді. Ол Селин Дионның шығармашылығы әлемдегі миллиондаған адамға, соның ішінде өзіне де үлкен шабыт бергенін атап өтті.

«Сізді қайтадан сахнадан көріп, әдеттегідей керемет даусыңызды естігеніме өте қуаныштымын. Музыка әлеміне сыйлаған барлық дүниеңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздің даусыңыз бен музыкаңыз әлемдегі миллиондаған адамды, соның ішінде мені де шабыттандырды», – деді Димаш Құдайберген.

Қазақстандық әнші Селин Дионның денсаулығына да ізгі тілегін білдіріп, оны «нағыз тірі аңыз» деп атады.

«Өзіңізді даусыңыз секілді керемет сезініп жүрсіз деп шын жүректен үміттенемін. Барлығы үшін тағы да рақмет. Сіз – нағыз тірі аңызсыз. Біз сізді қатты құрметтейміз әрі жақсы көреміз. Құдай жар болып, ұзақ әрі бақытты ғұмыр берсін», – деді ол.

Димаштың бұл ықыласқа толы үндеуі Селин Дионның үлкен сахнаға қайта оралуымен тұспа-тұс келді. Канадалық жұлдыз алты жылдық үзілістен кейін Парижде толыққанды концерт өткізіп, шамамен 30 мың көрерменнің алдына шықты.