Соғыс көлеңкесіндегі үнсіз тағдырлар: Фархат Шариповтың «Эвакуация» фильміне рецензия

Сурет автордан

ЖАҢАЛЫҚТАР
441

Естеліктерге айналған ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында, 8 мамыр күні режиссер Фархат Шариповтың «Эвакуация» атты тарихи драмасы көрерменге салтанатты түрде ұсынылды.

Бұл туынды – соғыс майданынан алшақ аймақтарда орын алған адамзаттық трагедияны терең сезіммен бейнелейді. Фильм оқиға өрісін блокадалық Ленинград пен өзге де соғыс ошақтарынан көшірілген бейбіт тұрғындардың тағдыры арқылы ашады. Қанды қырғыннан аман қалуға талпынған аналар, жетім балалар мен қариялар – өмір мен өлімнің арасында қалып, белгісіз болашаққа қарай үмітпен қадам басады. Олардың соңғы үміті – қазақ жері, бейбітшілік пен пана тапқан Қазақстан топырағы.

Фархат Шарипов бұл жобаны 2018 жылдан бастап жүзеге асырып, ұзақ жылғы ізденіс пен еңбектің нәтижесінде көркемдік тұрғыдан кемел туынды дүниеге келді. Фильм биыл өткен 47-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінде жоғары бағаланып, арнайы жюри сыйлығы — «Күміс Қасиетті Георгий» марапатына ие болды.

«Эвакуация» — формасы мен мазмұны үйлескен кинематографиялық шығарма. Тарихи шындыққа негізделген кинокартинаның стилистикасы XX ғасырдың ортасындағы кино тілін жаңғыртады. Монохромдық палитра, 4:3 өлшемді экран, кинохроникалық әсер, фильм құрылымын екі аркаға бөліп тұрған қос актілі композиция, статикалық, бірізді әрі статикалық түсірілімге  негізделген режиссерлік шешім – бәрі бірлесе отырып, көрерменді сол дәуірдің эстетикасына бойлатуға мүмкіндік береді. Фархат Шарипов қолданған визуалды тәсілдер мен баяндау ритмі — уақыт пен кеңістік контекстіне сай келетін ерекше көркемдік стратегияның нәтижесі.

Кинотуындының баяндау құрылымы мен көркемдік тілінде советтік кино классикасына тән басты ұстаным – ұжымдық кейіпкер концепциясы анық көрінеді. Мұнда орталықта жеке адамның емес, тұтас халықтың трагедиясы тұр. Дала кеңістігіне тән шексіз көкжиек немесе бостандық символикасы бұл фильмде жоқтың қасы. Әрбір станция, уақытша тұрақ пен эвакуацияның соңғы нүктесіне дейін – бәрі тығыз, бос кеңістік жоқ. Бұл — соғыстың жан-жақты қамтыған апат екенін айқындайтын метафоралық шешім.

Алдыңғы планда ана мен баланың драмасы өрбіп жатса да, Фархат Шарипов соғысты тек жеке трагедия арқылы емес, тұтас адамзаттық қасірет аясында қарастырады. Ол көпқырлы, мозаикалық баяндау арқылы түрлі кейіпкерлердің тағдырын қатар өрбітеді. Наташаның құрбысы, вокзалдар мен станцияларда жүрген күзетшілер мен жауынгерлер, коммунада өмір сүріп жатқан қарапайым азаматтар, сондай-ақ кішкентай Шолпанның отбасысы – бәрі бір ортақ кеңістік пен уақыттың бөлігі ретінде суреттеледі. Бұл – режиссердің ұжым идеясына негізделген дүниетанымын тереңдететін көркемдік тәсіл.

Сонымен қатар, әр кейіпкердің даралығы мен мінездік ерекшеліктері жоғалып кетпей, ансамбльдік құрылым ішінде өз орнын табады. Бұл – индивидуализм мен ұжымдық болмыстың тепе-теңдігін сақтай отырып, реалистік сипат беретін режиссерлік шешім. Фильм соғыс кезіндегі этносаралық байланысты, ұлт пен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақты көрсете отырып, Қазақстанның және посткеңестік кеңістіктің көпэтносты болмысына тән әлеуметтік тінін де тереңдетеді.

Фархат Шариповтың «Эвакуация» фильмінде көтерілген маңызды идеялардың бірі – антагонист бейнесінің дәстүрлі формада кездеспеуі. Оқиға өрімінде потенциалды түрде жағымсыз кейіпкерлер ретінде қабылдануы мүмкін тұлғалар пайда болғанымен, олардың әрекеттерінің астарында терең адами уәждер мен өмірлік қажеттіліктер жатыр. Режиссер адам болмысын қарапайым қара мен ақтың шекарасында ғана қарастырмай, күрделі ішкі қақтығыстар мен әлеуметтік контекст арқылы бейнелеуге ұмтылды. Мәселен, әскерге кеткен күйеуінен қалған Наташаның пальтосын иеленіп алған музыкант алғашқы көріністерде күмән тудыратын «сұр» кейіпкер ретінде қабылданады. Алайда, уақыт өте келе ол өзінің мейірімділігімен, басты кейіпкерге деген жанашырлығымен өзгереді. Оның музыкалық үні мен үнсіз қолдауы – қиын кезеңде де адамдық қасиет жойылмайтынын паш етеді. Сол сияқты, сырғаны ұрлап алған жас бала да – моральдық тұрғыда жазалануы тиіс «теріс» кейіпкер емес.  Музыкант пен әйелдің оған қол ұшын созуға дайын болуы – адамгершілікке негізделген бірлік идеясының тағы бір көрінісі.

Фильм соғыс апаты мен эвакуацияның ауырлығын суреттей отырып, көркемдік контраст құралдарын да тиімді қолданады. Мұнда визуалдық және мазмұндық қарама-қайшылықтар кейіпкерлердің әлеуметтік жағдайын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, станцияларда қараусыз қалған, еденде түнеп жүрген бейшара жандар — «кептерлер» — мен бір мезетте бейнеленген мәдени элита кешінің сахнасы — көркемдік экспозициядағы өткір әлеуметтік контраст. Бұл қарама-қайшылық – қоғамдағы теңсіздік пен адам тағдырларының әртүрлілігі туралы үнсіз, бірақ әсерлі мәлімдеме. Бір кадрда — күнделікті тұтынуға жетпейтін ас-тамақ, кезек пен талондар, ал келесі сәтте – мол дастарқан, салтанатты үстелдер мен тоқшылық көрінісі. Бұл екі шындықтың қатар өмір сүруі – режиссердің соғыс кезіндегі әлеуметтік диссонансқа деген көзқарасын айқын көрсетеді.

Режиссер бұл фильмінде драматургиялық құрылымды жалаң қақтығысқа емес, ішкі қасірет пен үнсіз қарсылыққа, адам табиғатының парадоксына негіздей отырып, соғыс туралы терең рефлексия ұсынады. Антагонисттің болмауы – авторлық ұстанымның өзегі: бұл әлемде жау да, дос та шартты. Шынайы күрес – адамның ішінде, күнделікті тіршіліктің ауыртпалығы мен адами қасиетті сақтап қалу арасындағы майдан.

Фильмнің мазмұнын тереңірек түсіну үшін оның тарихи-мәдени конъюнктурасын да ескеру қажет. «Эвакуация» туындысы идеологиялық тұрғыдағы таптаурындардан, әсіресе кеңестік кезеңге тән үгіт-насихат сарындарынан бойын аулақ ұстайды. Мәселен, фильм қазақ халқын эвакуацияланғандарға қамқорлық көрсеткен біржақты идеалды ұлт ретінде суреттемейді. Керісінше, режиссер әр кейіпкерді шынайы, адами мінез-құлқымен бейнелейді. Екінші бөлімде көрінетін қазақ отбасысы да мінсіз үлгі ретінде емес, ішкі қарама-қайшылықтары бар, өмірдің шынайы заңдылықтарына бағынатын отбасылық құрылым ретінде көрсетіледі.

Жаңа келген «жетім» қызға әр отбасы мүшесінің көзқарасы әртүрлі. Үлкендер оны аяушылықпен қабылдағанымен, кенже Шолпан үшін бұл бейтаныс жан бөтен күйінде қала береді. Шолпан сіңлісіне бауырмалдық не ерекше жылылық танытпайды, керісінше оған қатқыл сөйлеп, бейтарап, кей сәттерде тіпті салқынқанды қарым-қатынас білдіреді.

Кинокартинаның финалдық бөлігіне қарай режиссерлік шешімдер мен техникалық орындалу өзара үйлесіп, көркемдік тұтастықты қалыптастырады. Түсірілім тобы локацияларды шебер пайдаланған: әрбір мекен тек фон ғана емес, уақыт пен кеңістіктің органикалық бөлшегіне айналған. Сахналардағы реквизиттер мен костюмдік шешімдер де тарихи кезеңнің ерекшелігін дәл бере отырып, көрерменді сол уақытқа сенімді түрде жетелейді. Баяндау құрылымында бірнеше оқиғаның қатар өрбуі монтаждық реттілік пен нарративтік шиеленісті күшейтіп, фильмнің соңғы нүктесінде көпшіліктің радиодан бір әуенді тыңдау сәтіне ұласады. Бұл эпизодта нақты түсіндірме берілмегенімен, бейсаналық деңгейде соғыстың аяқталғаны туралы хабар ретінде қабылданады. Алайда, финалдың анық шешіммен емес, жұмбақ, ашық күйде аяқталуы — көрерменге интерпретациялық кеңістік қалдыруға бағытталған авторлық әдіс.

Ана мен баланың қайта қауышуы, не болмаса сол қауышуға деген үміт — дәл берілмейді. Мұндай шешім бастапқыда фильм бойындағы ұстамды, баяу темпті құрылымға қарама-қайшы әсер ететіндей. Бұл — көрермен үшін күтілмеген ритмдік үзіліс, бірақ режиссер Фархат Шариповтың өзі «Эвакуация» үшін үш түрлі финал түсірілгенін айтып, таңдалған нұсқаның сан қырлы мағынасы мен ашықтығына басымдық берілгенін жеткізеді. Бұл авторлық ұстаным – тек оқиғаны емес, күйзелісті де, үмітті де бір мезгілде қалдырып кету амалы. Режиссер «соғыс аяқталғанмен, оның адамдар санасында аяқталуы – жеке процесс» деген идеяны ұсынады.

 Сөз соңына келе, «Эвакуация» – тарихи шындыққа негізделген, сабырлы ритммен өрілетін, адам тағдырлары арқылы соғыс кезеңін бейнелеуге тырысқан көркем туынды. Режиссер фильмнің эмоциялық әсерін асыра сілтемей, оқиғаны соғыстан өткен жандардың мемуарларына негіз тауып, шынайы бейнелер арқылы жеткізуге ұмтылады. Кей тұстарда баяу дамитын құрылым мен ашық финал көрерменнен шыдам мен ой жүгіртуді талап етеді. Соған қарамастан, «Эвакуация» – ұжымдық естелік пен тарихи жадыға үн қосатын фильмдердің қатарында өзіндік орны бар жоба.

Айта кетерлік жаңалық, «Эвакуация» фильмі 2025 жылдың 19 маусымынан бастап Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шығады. Осы сәт — фильмнің кәсіби фестиваль алаңынан жалпы көрерменге қарай бағыт алған жаңа кезеңі.

 

 

Ғайша Аманжол,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 2 курс студенті

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана-Павлодар автожолында жол апаты болды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Олардың төртеуін жедел...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қаржаубай Нұрымовтың отбасына жүйелі түрде қысым көрсетіп, тыныштығын бұзған азамат заң алдында жа...