Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік көшпенділер...
Шонжы адам аты ма әлде жер аты ма?
Биылғы жылы 17 маусымда Шонжыдағы ұлт аралық жаңжалдан кейін халықпен кездесуге барған облыс әкімі Баталов мырзаның алдына жергілікті қазақ жастары «Ұйғыр» ауданы деген атауды өзгерту мәселесін көтерді. Әкім халыққа сөз берді. 18 маусымдағы HALYQLINE.KZ және Stan.kz- дегі ақпаратқа негізделсек облыс басшысының сол кездегі баспасөз хатшысы Ғалимұрат Жүкелдің мәлімдемесінде Шонжыны - Әлмерек, Ұйғыр ауданын - Қарадала деп өзгерту ұсынылыпты.
Иә, уақыт келді, өзгертуді халық қалды. Әкім уәде берді.
Ұйғыр ауданының тарихи атуы «Қарадала»-ны өзіне қайтарса құба құп, оған сөзіміз жоқ. Әңгіме Шонжы атауында болып тұр.
Топонимикалық және ономастикалық атауларды өктемдікпен саясиландыру әсіресе моңғол жортуылы мен араб, парсы, орыс, қытай империяларының шапқыншылықтарынан кейін басталды. Әсілі түрік халықтары әсіресе табиғат құшағында өмір сүрген қазақ халқы жер-су атауларын тек табиғаттың өз жаратылысы бойынша атап келгені белгілі.
Соңғы жылдары жер-су атауларымен белгілі тарихи тұлғаларға, ру-ұлыстар мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты ат-атаулар жөнінде бір-біріне мүлде қарама-қарсы әрі ғылыми ұғым-түсініктер мен талаптарға жауап бере алмайтын ауажайылулар белең алды. Мені ойландырып-толғандырған мәселе кейінгі кезде белгілі бір топтардың жер-су, елді мекен атауларымен ономостикалық атауларға қатысты ешбір дәлел-дәйексіз, құжаттық негізсіз ойжота сөздерді заңдастырғысы келгені. («Қазақстан Заман» газетінің 2018ж 19 шілдедегі нөмірінде редакцияның анықтама түсініктемесінсіз мыңдаған адамдардың қолы қойылған «ашық хатпен» кезіндегі Премьер министр Бақытжан Әбдірұлының атына арнаған өтініштерін қоса жарияланған...)
Ашық хатта: «Әлмерек батыр отыз бес жасында жоңғардың батыры Алғабастың, он сегіз жасында жоңғардың (қоңтайшысы) қолбасшысы, әрі қас батыры Шонжының басын алып, қазақтың абыройын асқақтата түседі», «Жоңғардың батыры Қордай елу мың қол бастап қазақтарға қарсы жорыққа аттанады» деген сияқты сөйлемдермен жұртты шатастыра бастады (кезінде үкіметке институт ғалымы ретінде жаубы берілді. Abai.kz-те жариланды). Толық нұсқа осында.
Иә, Әлмерек бабамыздың әулиелігі мен билігі, батырлығы жөніндегі аңыз бен ақиқатқа құрмет етемін. Ал, құрметтеу ол адамның атына елді мекен атын бермесе болмайды дегенге тіреліп тұрмаса керек.
Әулие мен батыр екі бөлек ұғым, жұрттың бәрі білетіндей әулие Жаратушыны ұлықтап, зікір етеді, бір құмырысқаның өзін өлтірмейді. Ел мен жер үшін дұға жасайды, қиын сәтте керемет көрсетеді. Батыр найзасын нық ұстап, аттың үстінде жауын жайратады.
Кешегі тарих пен ертеңгі ұрпақтың алдында ұятқа қалмайық десек, өтірікке ел болып тосқауыл қояйық. Рухани жаңғыруды желеу етіп, қиялға беріліп, жалған тарих жасасақ қандай ел болмақпыз?!
Ал біз бүгінгі мақаламызға жүк болып отырған Шонжы атауы туралы тоқталсақ: Шыңғыс қаған тақ мұрагерлері салғызып әскери, әрі сауда жолының амандығын бақылайтын (бекет, өртең - Ленгер-Шонжы аталған) тоғыз жолдың торабындағы бекіністің соңғы топонимикалық атауы «Шонжы» ретінде бізге жетіп отыр.
«Шонжы» атауының нақты мағынасын арнайы зерттеген белгілі түрік-моңғолтанушы, моңғол тілін жетік білетін ғалым Нәпіл Базылхан былай зерделейді.
«Қазіргі моңғол тілінде: Conji > Чонжы, Цонж түрінде кездеседі. Қазақ тілінде «Шонжы» тұлғасында топоним ретінде кездеседі.
Моңғол тіліндегі «Чонжы-Цонж» сөзінің мағынасы:
- Алысты қарауылдайтын биік жартас.
- (Ауыспалы) Шекара аумақтарды қорғаушы қорған, бекініс.
Биік жартас. «Моңғол тілінің түсіндірме сөздігі». Ұлан батор, 1966. 790-б. және Моңғол тілінің түбір сөздер сөздігі» Koke gota, 1988. 2261-б.
Бұдан сырт «Шонжы» атауы жөнінде арнайы зерттеу жүргізген тарихшы, қытайтанушы ғалым Жанымхан Ошанның шығарған қорытынды пікіріне де назар аударуды ұсынар едік. Ғалым былай дейді: «Шонжы» (бекініс, бекет, қарауылшылар мекені) атауы 1750 жылдардан көп бұрын пайда болған. Ал, қытайлардың 1755-1758 жылдар аралығында жоңғарларға күйрете соққы беріп, мемлекеттілігін жойғаннан кейін 1767 жылы Абылай мен Цин империясының келісімдері негізінде Іле аймағы қазақтарға берілгені жөнінде де нақты құжаттық деректер бар. Қытайда Үрімжінің шығыс солтүстігінде қазақтар шоғырланған Шонжы аудан және Іле Қазақ облысының Нылқы ауданына қарасты Шонжы елді мекені тағы бар. Бұл жерлерге не дейміз сонда?!
Ғұлама М.Қашқари қаламына іліккен топонимикалық, ономостикалық атауларды айрықша атай отырып, «сол өңірде қандай ру-ұлыс, қандай халық өмір сүрген еді» дегенді естен шығару тарихи білімімізбен азаматтық һәм имани қадір-қасиетімізге сын боларын ұмытпауға тиіспіз.
Демек, жер-су атауын анықтағысы келген адам, алдымен сол өңірдегі ру мен ұлысқа қарауы керек, міне осы қарапайым сұраққа жауап іздеуі шарт.
Жаншықұлы Әлмерек(1685-1754) ата Қарату ауамағында туылған. Алматы қаласының солтүстік шетіндегі Покровка маңында кесенесі және бастауы бар. Бұрынғы Гагарин елді мекені қазір Әлмерек атымен аталады. Әлмерек атаның ру-ұлыстары Дала Шелекте қоныстанған, одан кейін Қулықтың тауына қоныс аударған. Қазірде олар Райымбек, Кеген аудандарындағы Сарбастау(Ұзақ аулыдық округі), Ұзынбұлақ, Жылысай ауылдарында орын тепкен. Шонжы өңірінде бұрын да бүгін де Әлмерк ата ұрпақтары тұрмайды.
Топонимикалық атауды ономостикалық атауға айналдырып жіберген ағайындар тарихшылардан қандай тарихи дәлел сұрап отыр? Тарихшылар жоқ деректі қайдан алмақ?
«Ашық хатта» мынау ХХІ ғасырда еш ыңғайсызданбастан «Бабамыз жайлы көктен түскен шындық пен аңыз әңгімелер өте көп» деп жазып отырған адамдар тарихшылардың дәлелдеріне неге мұқтаж болды екен? Осы арада, «Көктен түскен шындық» дегенді пайғамбарларға түскен «Уаһи» деп ұғуға тиіс екенімізді, бірақ аталмыш шындық кімге, қашан мәлім болғанын кім бізге айтып бере алатынын сұрауға мәжбүр екенімізді айтпай тұра алмаймыз.
Жер-су, елді мекен атауларын адамдастыру, адам атымен атау біздің қазақ халқында мүлде болмаған, орыс отаршылдары (ақ, қызыл) алып келген көп індеттің бірі.
Бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай елінің тарихында қаншама әйгілі адамдар, зұлым, шен құмар патшалар мен қолбасылар болса да, солардың атында бір де бір жер-су, елді мекен, қала, көше аттары болмаған екен. Қытай тарихын, оның географиясын, топонимикасын зерттеушілер еш шатаспастан-ақ бес мың жылдық тарихын жазып та, оқып та келеді.
«Шонжы» атауына сол өңірдегі тарихи жер-су атауларының бірін мәселен «Шарын, Көкбекті, Алатау, Темірлік, Сарытоғай, Тастықара немесе Нұркент, Нұрқала т.б.» тіпті бір анықтама сөз тіркеп-ақ жаңа атау беруге болады. (Мысалы: Қарадала ауданы, Нұркент елді мекені)
Әр істі көңіл ауанымен емес, ақыл мен парасатпен кең ойлап, кең пішуді үйренуіміз тиіс. Кейбір тарихи білім-білігі жоқ, лап етпе көңіл күймен, ұлттық эгоистік ындынмен қолдан тарих жасағысы келетін жеңіл ойлылықты тоқтатумыз керек.
Кез-келген ғылыми зерттеу жұмысына қойылар қатаң академиялық талап деген болады. Ол, талдап, қарастырып отырған тақырыпқа байланысты тұжырымдар, бұл арада топонимикалық атаулардың мағынасы, сөзсіз әр түрлі сөздіктер мен тарихи жазба деректерге негізделуі, қияли (мен солай ойлаймын емес), шалықтаулардан аулақ болуды талап ететінін тағы бір қайталауға тура келеді. Ономастика мен топонимика деген ғылымға құрметпен қарауды үйренуіміз тиіс ағайын.
Бүгінгі таңдағы еркін интерниет ресурстарын пайдаланып, дастарханның басындағы бос әңгімелермен елді шатастырмай, шындықтың жүзіне тура қарап, әділдікті ту етіп, ғылымды қадірлеп бірге талқылайық, жасайық, жазайық. Елдікті ел болып нығайтайық. Нақты тарихи шындық, деректі құжат, бұлтартпас факт негізінде сөйлеуді әдетке айналдырайық отандастар. Бүгінгі күн ертеңгі тарих.
Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының кандидаты.
Ш.Уалиханов атындағы тарих этнология институты.