Синоптиктер 5–7 тамыз аралығында Астана мен Алматыда ауа райы қандай болатынын хабарлады, ...
Студенттің өлімі: ҚазҰУ жатақханаларында қауіпсіздік күшейтілді
ашық дереккөз
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қаза табуына байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Оқу орнының екі басшысы қызметінен босатылып, жатақханаларда қауіпсіздік бақылауы күшейтілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
17 қарашада жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, тәрбие жұмысының тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы және жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің қамтамасыз етілмеуі салдарынан әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған.
Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтілгенін хабарлады. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.
«Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды», – делінген ҚазҰУ мәлімдемесінде.
Оқу орны марқұмның отбасымен байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Университет өкілдері құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсететінін мәлімдеді. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясына жататын ақпарат жарияланбайды.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан болатын. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды.
Қайғылы жағдайдың нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.